19 ақп, 2021 сағат 11:45

Мобильді қосымшалар арқылы төлемдер жасауда қадағалау енгізіле ме?

Бүгін ҚР Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов отандық мобильді қосымшаларды белсенді түрде ілгерілетуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ел халқына арналған Е-Salyq Azamat тегін мобильді қосымшаны белсенді түрде ілгерілету керек. Биыл кәсіпкерлер үшін «Е-салык-бизнес» ақпараттық жүйесін іске қосу өте маңызды. Ол кәсіпкерлерге оңай тіркелуге, автоматты режимде салық төлеуге әрі есеп тапсыруға мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары. 

Оның айтуынша, банктік мобильді қосымшалар арқылы тұтынушылардан кәсіпкерлерге келіп түсетін ақша аударымдарын фискалдандыру проблемасын шешуге ерекше назар аудару керек. 

«Қолма-қол ақшасыз төлемдер жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Сонымен бірге, тиісті салықты төлеуге міндетті кәсіпкерлердің қызметін салық салумен толықтай қамту бойынша міндет бар. Алайда, бұл тұрғыда қазіргі кезде кәсіпкерлерге ұсынылған жеңілдіктер ескерілуі керек», - деді Ә. Смайылов.