АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық университетінің (МІТ) студенттері Октавио Вега мен Варша Сандади Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тағылымдамадан өтті, – деп хабарлайды НЗМ баспасөз қызметі.
Үш аптаға созылған тәжірибе барысында студенттер мектеп мұғалімдерімен командалық сабақтар беріп, мектептегі БҰҰ Моделі жұмысын ұйымдастыруға оқушыларға көмек қолын созып, жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдау бойынша кеңес берді.
Октавио мен Варша – АҚШ-тағы жетекші университеттің екінші курс студенттері. Олар физика, электроника жіне компьютер ғылымдарын меңгереді. Студенттер Қазақстанға MISTI Kazakhstan «Global Teaching Labs» жобасы аясында келген.
MISTI Kazakhstan «Global Teaching Labs» жобасы оқушылардың жаратылыстану-математика бағытындағы білімін кеңейту, теориялық білімді тәжірибеде қолдануға баулу, сыни ойлау қабілетін дамыту мен мәдениеттану бағытындағы білімін арттыруға бағытталған.
Мектеппен етене жақын танысу үшін тағылымдамадан өтуші жастар мектепішілік шаралару мен кездесулерге белсенді қатысты. Сонымен қатар, өздерінің МІТ жоғарғы оқу орнына түсу оқиғасын баяндап, түрлі кеңестер берді.
- NIS оқушылары өте еңбекқор және өршіл, әртүрлі академиялық және мектепішілік емес бағдарламаларға, пәндерге қызығушылықтары жоғары. Бәрінен де таңқалдырғаны БҰҰ Моделі ұйымының үлкендігі, атқарып жатқан жұмыстарының ауқымдылығы. Сонымен қатар, оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының өз жұмыстарын ұйымдастыруы, түрлі шараларды жоспарлауы тәнті етті, - дейді Октавио Вега.
Қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпымен таныстыру мақсатында мектеп қонақтары жергілікті отбасыға қоныстандырылды.