06 там, 2021 сағат 20:05

Мирзиёев ОА елдеріне вакцинация сертификаттарының бірыңғай жүйесін іске қосуды ұсынды


Өзбекстан коронавирусқа қарсы вакцинация сертификаттарын тану бойынша Орталық Азия елдерінің бірыңғай ақпараттық жүйесін іске қосуды ұсынды. Бұл туралы Түрікменстанда өткен ОА елдері басшыларының Консультативтік кеңесінде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шавкат Мирзиёев Орталық Азия өңірі елдерін пандемиямен күресте тығыз үйлестіру және өзара көмек көрсету мәселесін талқылау барысында бірқатар бастаманы атап өтті. 

«Тестілеу нәтижелері мен вакцинация сертификаттарын тану бойынша бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосуды, инфекциялық аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу, медицина қызметкерлерін даярлау саласында тәжірибе алмасуды кеңейтуді, фармакология саласында ғылыми ынтымақтастықты және өмірлік маңызы бар дәрілік препараттарды өндіру бойынша кооперацияны жолға қоюды ұсынамыз», – деді Өзбекстан Президенті.

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің төрағалығымен өткен саммитке Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, Орталық Азия үшін превентивтік дипломатия жөніндегі өңірлік орталықтың басшысы Наталья Герман қатысты.