09 шіл, 2020 сағат 11:36

Министрлік Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін тексереді

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметі тыңғылықты зерделенеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында министрге аталған қордың басшысы Айбатыр Жұмағұловтың жалақысына қатысты сауал қойылған еді.

«Жыл сайын аудиторлық тексеру жүргізіліп, одан кейін Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынылады. Жалақыға немесе қордың өзінің жұмысына қатысты айтар болсам, біз жұмысқа кірістік. Қазір барлығын зерделеп, материалдарды көтереміз. Қаржылық көрсеткіштерін, қор қызметін, стратегиялық бағыттарын зерделейміз», - деді Алексей Цой.

Сонымен қатар министр бұл мәселенің таяу уақыттың тыңғылықты зерделенетіндігін баса айтты.

«Әріптестеріміздің барлығы тәулік бойы режимде жұмыс істеп жатыр. 3-4 сағат қана ұйықтаймыз. Бүгінгі күндегі негізгі мақсатымыз - дәрі-дәрмек жеткізу, желілерді қамтамасыз ету. Дегенмен, қор жұмысын да зерделеп бақылауға аламыз», - деді ол.

Айта кетейік, соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желіде Айбатыр Жұмағұловтың жұбайының «жолдасым 12-ші көлік сыйлады» деп жазған жазбасы қызу талқыға түсіп жатыр.