27 там, 2021 сағат 18:32

Министр оқ-дәрілерді сақтайтын екі база құрылысын жеделдетуді тапсырды


Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев лауазымды тұлғаларға оқ-дәрілерді сақтайтын екі базаның құрылысын ұйымдастыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталмыш нысандардың құрылысы 2019 жылғы ҚР Қарулы Күштердегі қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдірудің кешенді жоспарында қарастырылған.

"Нысандардың құрылысы оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтаудың барлық жолын ескере отырып ұйымдастырылған. Сондай-ақ, күзеттің техникалық құралдары, бейнебақылау және автоматты өрт сөндіру жүйелері көзделген. Онда Қорғаныс министрлігінің бастамасымен 2020 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес қоймаларды елді мекендерден алшақтату, сондай-ақ арсеналдар мен базалар жанындағы тыйым салынған аймақтар мен аудандардың шекараларын сақтау да ескерілген", - делінген министрлік хабарламасында.

Еске салсақ, Жамбыл облысындағы жарылыс бойынша өткен баспасөз мәслихатынан кейін ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев БАҚ өкілдеріне отставкаға өтініш беруге дайын екенін айтқан болатын

«Қазіргі уақытта басты мақсатым - апаттың салдарын тез арада жою. Ал сіздерді отставка мәселесі қызықтыратын болса, онда мен осы хабарды естігеннен кейін бірінші минутта өзім үшін шешім қабылдадым. Мен отставкаға өтініш беремін, отсавкаға жіберуін сұраймын. Ал қалғанын жоғарғы басшылық шешеді», - деген еді министр.