Елімізде ғана емес, әлемде орын алған жағдайға байланысты бүгінгі таңда интернет мәселесі кез келген салада маңызды болып отыр. Қашықтан жұмыс істеу, қашықтан білім алу – мұның бәрі жақсы, жылдам интернетті талап ететін дүниелер. Осы орайда Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин болашақта интернетке байланысты проблемаларға жол бермес үшін заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарланғанын атап өтті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда ел арасындағы радиофобия интернетпен қамтамасыз ететін базалық станцияларды орнатуға кедергі келтіріп отыр.
«Қазіргі уақытта адамдардың радиофобиясы бар. Бұл бізге интернетті толыққанды жеткізуге кедергі жасайды. Мәселен, Family Village кешенінде 2-3 тұрғынның арызымен базалық станция алынып тасталды. Осыдан кейін тұрғындар интернетке қосыла алмай қиналған. Байланыс операторы базалық станцияны қайтадан орнатуға мәжбүр болды», – деді Мусин үкімет отырысында.
Болашақта осындай проблемаларға жол бермес үшін министрлік заңнамаға біраз өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр.
«Атап айтқанда, соның бірі – кондоминиумдерге байланыс объектілерін алып тастауға тыйым салу. Бұдан бөлек, жаңа үйлерді пайдалануға берер алдында міндетті түрде оптика желісімен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен бірге, интернет сапасына халықтық бақылау жүргізу үшін Bailanys.bar сервисі іске қосылды. Қазір оны 50 мыңнан астам адам қолданады», - деді министр.
Айта кетейік, бүгінде барлық білім алушылар қашықтан онлайн оқып жатқаны белгілі. Осы орайда интернет мәселелері де шыға келді. Кемшіліктердің алдын алу үшін Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхамед қашықтан оқып жатқан білім алушыларды тегін интернетпен қамтамасыз етуді талап еткен болатын. Bilimland.kz, Daryn.online және Kundelik.kz негізгі білім беру платформаларының жұмыс істеу жылдамдығы төмен деп сынға алған сенат депутаты оларды негізгі білім беру платформалары екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин болашақта интернетке байланысты проблемаларға жол бермес үшін заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарланғанын атап өткен болатын. Елімізде ғана емес, әлемде орын алған жағдайға байланысты бүгінгі таңда интернет мәселесі кез келген салада маңызды болып отыр. Қашықтан жұмыс істеу, қашықтан білім алу – мұның бәрі жақсы, жылдам интернетті талап ететін дүниелер. Осы орайда министрлік болашақта интернетке байланысты проблемаларға жол берілмеу үшін жұмыс істеп жатыр.