06 нау, 2017 сағат 16:40

Жаңа концепция ұлттық болмысты мансұқтамауы керек

Басы...

Ғылыми атеизм адамды діннен ажырату арқылы оны киелі тарихтан, өткенінен, бар құндылығынан ажыратты. Кеңестік жүйе кезінде тарих ғылымы қазақ тарихына тек қана маркстік тарихи диалектикалық методпен қараумен шектелді. Себебі тарих ғылымы да сол идеологияға қызмет етті. Ғылыми атеизм уақыттың үш шағын сосын эсхатологиялық уақытты да жоққа шығарды. Салдары қазақ тарихынан, мәдениетінен, тілі мен дінінен, ділі мен дәстүрінен, жалпы ұлттық құндылығынан ажырап қала жаздады.

Бүгінгі қоғамдағы ұлттық санадағы буырқанған пікірталастар сол кешегі кеңесік идеологияның зардабы мен инерциясының жемісі. Енді өлдік дегенде тәуелсіз ел болып, өз алдына егемен ел болдық. Ата заңымызға демократиялық, әлеуметтік, зайырлы, құқықтық ұстанымды басшылыққа алатын елміз деп жарияладық. Кешегі «жабық қоғамнан» ашық қоғамға өттік деп сендік. Содан болар идеология атаулыдан шошына қарадық. Кешегі кеңестік идеологиядан зәрезап болған сұрқымызбен "идеология" деген сөзді айтуға қорқып, «ұлттық идея», «мәңгілік ел» тіркесін қолдана бастадық. Сырттан дін үйретемін деп келген кез келген миссионерге құшағымызды аштық. Артынан құшағымыз салафилік, уахабистік тікендерге толып, ел бірлігіне сына қағыла бастағанда есімізді жинай бастадық. Сол салафилік тенденция да қазақтың өткен тарихын, діни тәжірибесін, болмысын, жалпы ұлттық құндылығын жоққа шығара бастады.

Кешегі кеңестік ғылыми атеизм арқылы мансұқталған болмысымыз енді діни сипатта онтологиялық психологиялық тұрғыдан мансұқталуын жалғастырды. Сондықтан кешегі «ғылыми атеизм» мен «бүгінгі салафизм» идеологиялық жағынан бір қазанда қайнаған ұлттық болмысты мансұқтаушы платформа екендігі мәлім болды. Енді Министр Ермекбавтың концепциясы негізінен бұл жағынан алғанда қоғамда белсенділігін негіздеп алған «салафилер» үшін қуана қарсы алатын тұжырым. Бұдан шығатын қорытынды бұл концепция қазақ болмысына қарсы жасалған, салафилік тенденция негізінде қорытылған қиянат.

Қазаққа, қазақ мұсылмандығына, қазақ ұлтына жасалған қастандық. Осыны көріп біліп отырған ҚМДБ қоғамдық мекеме ретінде, қазақ мұсылмандығының, жалпы Қазақстан мұсылмандары мүддесін қорғай алмайтын, дін мен дәстүр бір деп өтірік саясат жүргізіп отырған, "зайырлы қоғам" мен ""зайырлы мемлекет" арасын ажырата алмайтын, орта ғасырлық эпитемиологиядан аса алмайтын, заман талабына жауап бере алмайтын мекеме деп есептеймін.

Жалғасы бар...

Досай Кенжетай,

Ұлт порталы