ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров бұқаралық ақпарат құралдарының түпкі бенефициарын ашу туралы ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Марқұм Михаил Дорофеев бір жолы «Егер ашық қоғам құрғымыз келсе, әуелі өзімізден бастауымыз керек» деп жазған болатын. Яғни, біз өзіміздің түпкі бенефицарымызды көрсетуіміз керек. БАҚ-тың қандай қаржыға өмір сүріп жүргені көрініп тұруы қажет. Ондай жағдайда мемлекеттік органдардың да амалы қалмайды. Өйткені БАҚ өзінің ашықтығын көрсетіп отыр. Жұмыс тобында осындай ұсыныс айтылып, әр БАҚ-тың артындағы түпкі бенефициарды, қаржыландыру көзін ашу ұсынылған. Егер түпкі бенефициар белгілі болса, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс туралы мәліметтер де ашыққа шығады. Коммерциялық құпия принципі бар екені, Қазақстандағы ақпарат нарығы шағын екені түсінікті», - деді министр.
Оның айтуынша, БАҚ-тың көбі мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алу арқылы күн көріп отыр.
«Мүмкін бенефициарларды ашу керек шығар. Алайда ақпараттың бір бөлігін ашқаннан кейін басқа бөліктерін де ашу керек болады. Яғни, қаржыландыру қайдан келіп жатқаны да айтылуы керек. Бәлкім құрылтайшылардың бірі субсидия бөлетін шығар немесе гранттар алатын шығар. Бірақ бұл ұсыныс қана, ол әлі талқыланады», - деді Асақ Умаров Парламенттің бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында.