12 маусымнан бастап Милан – Алматы – Милан бағытындағы тікелей жолаушылар әуе рейстері ашылады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева италиялық «NEOS» әуе компаниясының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Алматы және Милан қалалары арасында халықаралық әуе рейстерін ашу туралы келісім жасады.
Милан – Алматы – Милан бағытындағы тұрақты әуе рейстері биылғы жылдың 12 маусымынан басталады деп күтілуде. Жолаушылар тасымалы әр аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері Boeing 737 және 787 әуе кемелері арқылы жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ кездесу барысында тараптар тікелей әуе рейстерінің ашылуы мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықтың одан әрмен дамуына тигізетін маңызына назар аударды.
Айта кетейік, «NEOS» әуекомпаниясы Миланның Мальпенса әуежайында (Италия) орналасқан. Алғашқы рейс 2002 жылғы 8 наурызда Милан – Сенегал бағыты бойынша орындалған.
Әуекомпания АҚШ, Мальдив Республикасы, ҚХР, Грек Республикасы, Канар аралдары, Доминикан Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд және басқа елдерге халықаралық рейстерді орындайды.
Бүгінде компания паркінде B737 және B787 типтегі 15 әуе кемесі бар.