25 қыр, 2019 сағат 13:42

Мейірім Нұрсұлтанов Канело-Ковалев айқасының андеркартында жекпе-жекке шығады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтановтың (12-0, 8КО) рингке оралар уақыты белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан кәсіпқой боксы» ВКонтакте парақшасынан хабарланғандай, отандық файтер 2 қарашада Лас-Вегастағы MGM Grand бокс кешінде өнер көрсетеді. Ондағы басты жекпе-жекте мексикалық Сауль «Канело» Альварес (52-1-2, 35КО) пен ресейлік Сергей Ковалев (34-3-1, 29КО) кездеседі. Мейірім Нұрсұлтановтың қарсыласының кім екені әзірге белгісіз.

Еске сала кетсек, Мейірім Нұрсұлтанов бұған дейін соңғы рет Ресейдің Челябі қаласында WBO белбеуіне таласқан боксшылар Сергей Ковалев – Энтони Ярд айқасының андеркартында өнер көрсеткен болатын. Мейірім Нұрсұлтанов ол кезде ресейлік Артур Осиповпен (15-1, 10 КО) кездесу өткізіп, 10 раундқа шақталған орта салмақтағы айқас Мейірімнің жеңісімен аяқталды. Әділқазы бірауыздан осылай деп шешті.

Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов пен Сергей Ковалев бүгінде «Main Events» промоутерлік компаниясында жұдырықтасып жүр.