24 қаң, 2018 сағат 14:20

"Менің есігіме оқ атты": Кабулда қаза тапқан қазақ баласының соңғы хаты

Кабулдағы теракт кезінде қаза тапқан Ерлан Жампейісовтің әріптесі әрі досы Мустафо Харути қайғылы оқиға туралы толық мәлеметтерді айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Мустафо берген мәліметтерге сүйенсек, Ерлан Кабулға байланыс және телекоммуникация саласындағы жұмыстары бойынша барған екен. Ол досы туралы "жауынгер болды" деген ақпараттарды жоққа шығарды. Егер Ерлан террорист болса, қонақүйден бөлме алмас еді дегенді айтады.

Ерлан Жампейісов Ауғанстандағы телекуммуникация бойынша қызмет етіп, онда келісім жасасу үшін барыпты. Ол ақпан айында туған еліне оралуы керек болған. Алайда жауынгерлер шабуылы оны дегеніне жеткізбепті.

Өлерінің алдында ғана Ерлан Мустафоға "Абике, менің есігіме оқ атты" деген SMS жолдапты. Харутидің айтуынша, марқұм жауынгерлер кіріп келген сәтте көмек сұрап немесе қашып үлгере алмай қалған болуы мүмкін.

Ерланның артында кішкентай екі баласы жетімсіреп қалды. Сол перзенттерін асырау үшін де азамат отты жерге кеткен болатын.

"Ол барлығын соңына дейін жеткізгісі келетін. Біз оны Ауғанстанға бармауға көндірмек болдық. Бірақ ол "Мен бармасам, кім барады? Мұның бәрін мен бітіремін" деп кетіп қалды", - дейді Мустафо.

Марқұмның досы мен әріптестері енді ауған тарапымен мәселенің басын ашуға бармақшы. Себебі Ерлан қоныстанған қонақүй Ауғанстандағы ең қауіпсіз жер бола тұра, ондағы қызметкерлер неге шетел азаматтарын күзетпегеніне ашулы.