24 қар, 2020 сағат 13:54

«Мен жастарға сенемін» республикалық жастар форумының жеңімпаздары анықталды

Алматыда еліміздің Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» VIII Республикалық жастар форумының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Биылғы жылы инновация және шығармашылық, жасампаздық призмасы арқылы патриотизмді дамытуға бағытталған байқау онлайн форматта ұйымдастырылды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ республикалық жастар форумын ҚР Тұңғыш Президенті күніне арнап 2013 жылдан бері өткізіп келеді. Биыл шара сәуір айынан бастау алып әлемдік пандемияға байланысты оның барлық кезеңдері онлайн режимде өтті. Жыл сайынғы форумға қатысушылар келесі байқаулар бойынша бақ сынасты: «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын» үздік эссе, «Еліміздің инновациялық дамуына қосқан нақты үлесім» атты үздік инновациялық жоба; «Мен жастарға сенемін!» азаматтық-патриоттық бағыттағы поэзиялық шығарма және «Мәңгілік ел мұратым!» авторлық патриоттық әндер, «Sanaly urpaq» парасаттылық принциптерін насихаттайтын үздік жоба. 

Форум кеңінен танылып, дамып келеді, оның номинацияларының тізімі жыл сайын жаңартылуда. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Еріктілер жылында оны «Qaiyrymdy qoǵam» студенттік қайырымдылық жобасының байқауы толықтырды. Сонымен қатар, форумның мен_jastarga_senemin_kaznu инстаграм-аккаунтының оқырмандары мен көрермендер анықтайтын «Көрермендер көзайымы сыйлығы» номинациясы тағайындалды.

Форумға қатысу үшін еліміздің барлық аймақтарынан 5 мыңға жуық студент тіркелді. Шығармашылық жобалар мен бейне презентацияларды беделді сарапшылар – қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, мәдениет және өнер қайраткерлері мен ғалымдардан жиналған тәуелсіз қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде 300 үздік жоба соңғы турдың финалына өтті.

ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов форумның финалистерін қарсы ала отырып, олардың тәуелсіз Қазақстанның болашағы екенін атап өтті. Нақ осы жас ұрпақтың алдында жасампаз істер эстафетасын жалғастыру және елдің өркендеуін қамтамасыз ету міндеті тұр. 

«Мұндай миссияны тек патриотты, дені сау және адамгершілік тұрғыда бәсекеге қабілетті және әлеуметтік жауапты жастар ғана жүзеге асыра алады. Сондықтан әрқайсыңыз ең алдымен, өз отбасыңыздың және ең бастысы, өз Отаныңыздың алдындағы үлкен жауапкершілікті дұрыс ұғынып, түсініп, сезінулеріңіз керек! Форум сіздер үшін жаңа жетістіктерге бастау болады деп үміттенемін», - деп атап өтті ректор.

Байқау лауреаттары мен жүлдегерлері дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады, ал жеңімпаздар ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантына ие болды.

Үздік студенттік инновациялық жоба байқауында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден Павел Ивачев жеңіске жетті. Қазылар алқасы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінен Қуандық Серіковтың жұмысын үздік эссе деп, ал поэтикалық шығармалар бойынша Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Нұржол Жақсылықтың туындысын үздік деп таныды. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінен Николай Ярошенко авторлық патриоттық ән байқауында бірінші болса, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Дидар Жарқын «Sanaly urpaq» парасаттылық қағидаттарын ілгерілету жобасымен үздік деп танылды.

«Qaiyrymdy qoǵam» студенттік қайырымдылық жобалар байқауында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Надырханова Диляра жеңіске жетті. Талантты жас композитор Рахат-Би Әбдісағин ұлы ойшыл әл-Фарабидің мерейтойына арнап фортепиано мен симфониялық оркестрге жазған «Qubylys» атты симфониялық поэмасы үшін форумның арнайы дипломымен марапатталды. Республикалық форумды ұйымдастырушы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ номинация лауреаттары мен байқаулардың алғашқы үш орын иегерлеріне келесі жылы университетте өтетін жазғы көшбасшылық мектебіне қатысуға мүмкіндік берді. «Мен жастарға сенемін!» VIII республикалық жастар форумының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімінің трансляциясын AlFarabiTV YouTube арнасынан көруге болады.