04 жел, 2020 сағат 17:25

Мемлекеттік туды конфет сыртында бейнелеуге болмайды – Ақтоты Райымқұлова

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ҚР Мемлекеттік туын конфет сыртында бейнелеуге болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі таңда ҚР Конституциялық заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы бейнесі өзге де материалдық нысандарда салынуы мүмкін. Алайда, бір рет пайдаланылатын заттар бұл материалдық нысандардың қатарына жатпайды. Сонымен бірге, Мемлекеттік ту ҚР №988-2007 ұлттық стандартын сақтай отырып жасалған және оны лицензиясы бар уәкілетті ұйымдар ғана жасай алады», - деп жауап берді министр Орталық коммуникациялар қызметінде конфет сыртындағы Мемлекеттік ту суреті туралы сұраққа. 

Сонымен бірге, министр Мемлекеттік туды қолдануға болмайтын жайттарды айтып берді: адамға немесе затқа деген құрмет ретінде ту төмен түсірілмеуі керек; ту қандай да бір затқа, жерге немесе суға тимеуі керек. Сондай-ақ, тудың сабы көлденеңінен көтерілмейді. Тудың бүлінуі немесе кірленуі мүмкін жағдайда қоймау керек. Туға жазу жазуға немесе сурет салуға болмайды, ол киім немесе төсек-орын, шымылдық ретінде пайдаланылмайды. Қазақстан Республикасы атынан өнер көрсететін спортшылардың киімінде Мемлекеттік Тудың бейнесін пайдалану айрықша жағдай болып саналады.