30 нау, 2017 сағат 14:10

Мемлекеттік қызметтегі командалық ауысу бір жылда 18 есе кеміді

Бір жылдың ішінде мемлекеттік қызметтегі командалық ауысудың мөлшері 18 есеге кеміді. Бұл туралы бүгін Астанада Мұхтар Құл-Мұхаммед өткізген мемлекеттік қызметті реформалау мәселелері бойынша партиялық тыңдауларда мәлім болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Нұротандықтардың» сауалдарына Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы, сондай-ақ бірқатар министрліктер мен өңір әкімдерінің басшылары жауап берді.

2015 жылдың аяғында қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның тұтас бір көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік туғызғаны атап өтілді.  Атап айтқанда, бір жылдың ішінде ғана командалық ауысудың мөлшері 18 есеге азайды, жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша жұмыс күшейтілді.  Мемлекеттік аппараттағы «жанды нүктелер» туралы айтқан депутаттар кадрлар тұрақтамаушылығына баса назар аударды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдар арасында қызметкерлердің жиі ауысуының өте жоғары көрсеткіші Әділет министрлігінде тіркелген (14 пайыз). Жағымсыз рейтингтің жоғарғы жағында кадрлар тұрақтамаушылығы 11 пайыздан асатын Білім және ғылым министрлігі де тұр.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мемлекеттік органдарға, меритократия, яғни анағұрлым лайықты және кәсіби мамандарды басшылық қызметке ілгірілету қағидатына негізделген жұмысты күшейтуге кеңес берді, бұл өз кезегінде кадрлар ауысуын  азайтады. Сонымен бірге Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттік қызметкерлердің өз міндеттерін сапалы орындауын және кәсіби өсуін ынталандыратын еңбек ақы төлеудің жаңа әділетті жүйесін енгізу жөніндегі Президент тапсырмасын орындау қажеттілігін мәлімдеді.