Мемлекеттік органға жіберілген хаттың жай-күйі туралы ақпаратты енді Telegram мессенджеріндегі арнайы чат-боттан көруге болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комитет Telegram мобильді қосымшасы алаңында құрылған «KGD_kantselyariya» виртуалды көмекшісінің жаңа қызметін пайдалануды ұсынып отыр.
«KGD_ kantselyariya» виртуалды көмекшісі құжат айналымы мәселесі бойынша салық төлеушілерге ыңғайлы болуы үшін құрылған. Оның көмегімен өтінініш иесі мына ақпаратты жедел алуына болады: өтініштің кіріс нөмірі мен күні; комитеттің өтінішке берген жауабының шығыс нөмірі мен күні; салық төлеушінің жүгінуі бойынша комитеттің жауапты орындаушысының деректері (аты-жөні және телефон нөмірі)», делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, ақпаратты алу үшін аты-жөнін немесе ұйымның толық атауын; өтініш берілген күні мен шығыс нөмірін чат-ботта жазу қажет.
Аталған қызметті, жұмыс күндері (сенбі мен жексенбіні қоспағанда) сағат 9:00-ден бастап 18:30-ға дейін пайдалануға болады.