Мектептер мен балабақшаларда орнатылған бейнебақылау жүйесінің 11,4%-ы ғана полицияның жедел басқару орталығына қосылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Үкімет отырысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай деректер келтірді.
«Бүгінде мектептер мен балабақшалар 100% бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Бірақ оның 21%-ы бекітілген талаптарға сәйкес келмейді. Біз жуықта ғана ауқымды тексеру жұргізген болатынбыз. Сол кезде осы мәселе белгілі болды. Тек қана 823 мектеп немесе 11,4%-ының бейнебақылау жүйесі полиция органдарының жедел басқару орталығына қосылған», - деді министр.
Ведомство басшысы арнайы күзетпен қамтылған мектептердің саны 466 ғана екенін айтады.
Бұл - елдегі орта білім нысандарының 6,4%-ы ғана деген сөз.
«Барлық мектептің 14,9%-ында ғана дабыл түймесі бар. Бүкіл мектептерді жақын арада осындай құрылғымен қамту қажет», - деді Білім және ғылым министрі.