09 жел, 2020 сағат 13:03

Мектеп оқу бағдарламалары міндетті түрде тәуелсіз сараптамадан өткізіледі

Мектеп оқу бағдарламалары міндетті түрде тәуелсіз сараптамадан өткізілетін болады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жаңартылған оқу бағдарламалары 2016 жылдан бастап білім беру процесіне кезең-кезеңімен енгізілуде (2016 жылы – 1, 2017 жылы – 2, 5 және 7, 2018 жылы – 3, 6 және 8, 2019 жылы – 9 және 10, 2020 жылы – 11 сыныптар). Үлгілік оқу бағдарламалары бекітілгенге дейін оларды тиісті білім салаларының белгілі ғалымдары, педагог-практиктер бірнеше рет талқылады, көпшіліктің талқылауы және жұртшылықтың қарауы үшін ашық порталға орналастырылды. Сондай-ақ білім берудің жаңартылған мазмұнына көшудің бағдарламалары мен кезеңдері 2016 жылғы 31 мамырда Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «12 жылдық білім беруді енгізу және мектепте оқыту стандарттарын жаңарту жөніндегі жүйелі шаралар туралы» тақырыбындағы отырысында қолдау тапты. Бұдан басқа, 2017 жылғы 22 қыркүйекте өткен Парламент Сенатындағы парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша білім беру мазмұнын жаңартуға қатысты жұмысты жалғастыру бойынша ұсынымдар берілді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы. 

Оның айтуынша, білім берудің жаңартылған мазмұны енгізілгенге дейін 2015 жылы 30 пилоттық мектепте оқу бағдарламалары, оның ішінде Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын сақтай отырып әзірленген жаңа оқу пәндері бойынша апробация жүргізілді. Барлық тестілеулердің нәтижелері бойынша пилоттық мектептер орташа балдың айтарлықтай (+38,1 балл) прогресіне ие. Бұл бақылау мектептерінің көрсеткіштерінен екі есе (+21,3 балл) артық. 

«Оқу бағдарламаларын әзірлеу кезінде пәнаралық, деңгейаралық байланыстар ескерілді. Олар барлық оқу пәндерінің интеграциясына, оқушылардың тұтас қабылдауы мен тәрбиесіне ықпал ететін ортақ тақырыптар арқылы іске асырылады. Оқу бағдарламаларының сабақтастығы оқушылардың жас ерекшеліктерін ескереді, мұнда оқу бағдарламасының мазмұны спираль принципі бойынша қарапайымнан күрделіге қарай тігінен де, көлденеңінен де күрделене түседі», - деді Асқар Мамин. 

Үкімет басшысы келіп түскен ұсыныстар мен ұсынымдарды ескере отырып, оқу бағдарламаларын жетілдіру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілетіндігін айтады. 

«Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан білім беру мәселелері жөніндегі заң жобасы шеңберінде «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына оқу бағдарламаларының міндетті түрде тәуелсіз сараптамадан өтуі бөлігінде өзгеріс енгізіледі. Сараптамадан өткен оқу бағдарламалары білім беру ұйымдарында сынақтан өткізіледі», - деді Премьер-Министр.