15 сәу, 2021 сағат 18:37

Мектеп кітапханаларының қоры цифрландырылмақ

Еліміздегі мектеп кітапханаларының қоры көркем әдебиеттермен толықтырылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі күні балалардың оқуға құштарлығын ынталандыру және олардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мақсатында 3 миллионнан астам оқушыны қамтитын «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асырылуда. Жобаның аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалар қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, қорын көркем әдебиетпен толықтыру және оны цифрландыру бойынша шаралар қабылданады. Осыған орай білім беру ұйымдарының қорларын мерзімдік балалар басылымдарымен тұрақты түрде толықтыру туралы ұсыныстарыңызды қолдаймыз», - делінген Ералы Тоғжановтың жауабында.