Фото: gmd.live
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.
Еліміздің білім ордаларында 1-ші қыркүйектен бастап жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Бұдан былай мектеп, балабақша асханаларындағы тағамның құрамындағы қант, тұз бен өңделген өнімдерді азайтып, қалыптасып келе жатқан жас ағза үшін пайдалы болатын тұтас дәнді дақылдар мен көкөніс, жемістерді көбейту ‒ мақсат. Бұл дегеніміз балалардың денсаулығына аса мән беру, созылмалы аурулардың алдын алу.
Өзге елдерде қалай?
Әлемдік тәжірибе бойынша әуелден оқушының дұрыс тамақтануына аса мән беретін елдер бар. Соның бірі ‒ Жапония мемлекеті. Бұл елдегі мектеп асханалары ‒ білім берудің бір бөлігі. Балаларға балабақша кезінен тағамдық тәрбие (shokuiku) пәнін арнайы оқытады.
Фото: japantimes.co.jp
Секуику (shokuiku) — бұл жапондық "тамақтану білімі" тұжырымдамасы, ол тек тамақтану туралы білімді ғана емес, сонымен қатар практикалық тәжірибені, мәдени мұраны және салауатты әдеттерді дамыту және адамдардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсарту үшін тағамды таңдауға саналы көзқарасты қамтиды.
Жапон балаларының мектептегі, үйдегі аз мәзірінде газды сусындар мен фастфуд мүлде жоқ. Әдетте балық пен көкөністі кең қолданады.
Одан кейін білім беру жүйесінде көш бастап тұрған Скандинавия елдерінде, соның ішінде Финляндия мен Швецияда дұрыс тамақтану жолға қойылған. Тіпті Финляндияда мектеп оқушылардың тегін тамақтануы сонау 1948 жылдан бастау алған. Скандинавия елдерінде оқушылар үшін вегетариандық және аллергиктерге арналған ас мәзірі бар. Ет, балық, бұршақ, жемістерден бөлек әр бала өзінің денсаулығына, қалауына орай салаттарды да таңдай алады.
Фото: shuba.life
Айтса кетсек жеңіл, әрі тез дайындалатын фастфуд тағамдарын көп тұтынатын АҚШ -ның мектептерінде соңғы он жылдықта артық салмақ пен семіздікке бейім оқушылар саны артты. Соңғы жылдары Америка мектептерінің тамақтану стандартына азық-түлік құрамындағы қант пен натрийді төмендету бағдарламасы іске асып жатыр. Оның орнына Farm-to-School, FoodCorps секілді бағдарламалар арқылы оқушылар фермадағы шаруаға араласатындай немесе мектеп ауласына бау-бақша отырғызып, өздері тұтынатындай мүмкіндік берілуде.
Фото: foodcorps.org
Farm-to-School — АҚШ-тағы бұл бағдарламада мектептер сүт өнімдері, жемістер мен көкөністер, жұмыртқа, бал, ет және бұршақ сияқты жаңа, жергілікті өндірілген фермерлік өнімдерді сатып алады және мәзіріне қосады.
FoodCorps — бұл балалардың мектептерде, әсіресе ресурстары шектеулі қауымдастықтарда пайдалы тамақ пен тамақтануға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін американдық коммерциялық емес ұйым. Ұйым AmeriCorps мүшелерін практикалық тамақтану сабақтарын өткізетін мектептерге жіберіп, мектеп бақтарын құруға көмектеседі және балалардың дұрыс тамақтану өмір салтын насихаттай отырып, "фермадан мектепке" бағдарламаларын жүзеге асырады.
Пайым
АҚШ -тағыдай оқушылар арасында артық салмақ деңгейі жоғары болмағанмен біздің балалар да газдалған сусын мен түрлі қоспалы тағамдарды тұтынуда белсенді еді. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп асханасының стандарты дұрыс тамақтану бағытына қарай өзгеріп жатқаны ‒ дер кезінде қолға алынған қадам. Алдағы уақытта біздің оқушылар да табиғи таза өнімнің қандай болатынын, қандай еңбек, баппен келетінін көріп, түрлі зерттеуге қатыса алатындай ауыл шаруашылығымен тікелей байланыста болса жақсы болушы еді.
Сонымен бірге озық елдердің тәжірибесінен үлгі алып, балаларға тамақтану мәдениетін мектеп бағдарламасына енгізсе әркім болашақта өз денсаулығына саналы түрде қарай алатындай тұлға тәрбиелеп шығар едік.
Динара Болат
