Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мектеп формасын таңдау бойынша кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, ата-аналар мектеп формасы мен аяқ киімді дұрыс таңдаса, балалар сабақ кезінде ештеңеге алаңдамайды. Сондықтан ыңғайлы әрі сапалы киім алған дұрыс. Сонда аллергиялық реакция да болмайды.
"Балалар мектепте алты сабақтан артық уақыт отырады. Сол себепті форма табиғи талшықтардан тұратын матадан тігілуі шарт. Олар - жүн, мақта, зығыр және жібек. Ал сапасыз форма болса, балалар емін-еркін жүре алмайды. Себебі ондай матадан ауа өтпейді", - деді Бекшин астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Бас санитардың сөзіне қарағанда, сапалы форманың сыртқы киімінде табиғи талшықтардың мөлшері кем дегенде 35 процент болуы қажет. Ал ішкі жағы 100 процент болуы шарт. Бұл – мектеп формасының стандарты. Ол барлық гигиеналық талаптарға сәйкес келеді.
"Ал аяқ киім табиғи былғарыдан жасалуы керек. Әрине, ауыстырып киетін аяқ киімді де алғанымыз дұрыс. Қыздардың аяқ киімінде міндетті түрде өкше болуы қажет. Оның орташа биіктігі - 3,5 сантиметр. 4 сантиметрден аспауы керек. Балалар өкшесіз аяқ киім кисе, жалпақ табан қалыптасуы әбден мүмкін. Спорттық аяқ киім, кеды мен чешкиді екінші аяқ киім ретінде пайдалануға болмайды", - деп атап өтті Бекшин.
Сондай-ақ, ол мектеп сөмкесіне қатысты негізгі талаптарды атады.
"Оқушының сөмкесі, рюкзак дейміз ғой, бос сөмкенің салмағы бір келіден аспауы қажет. Арқаға тиіп тұрған жері қатты болуы шарт. Иықбаулары жалпақ, мойынға салмақ түсірмеуі тиіс. Сосын сөмкеге жарықтан шағылысатын арнайы белгілерді орнатқан жөн. Сонда түнгі уақытта көлік жүргізушілері балаларды алыстан көре алады", - деді Бекшин астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Бас санитар қолда ұстайтын портфельді алмауға кеңес беріп отыр. Себебі бала бір жаққа қарай қисайып жүреді.
"Мектеп сөмкесінің салмағы оқушының бойы мен жас ерекшелігіне сай болуы шарт. Мәселен, 1-3 сынып оқушыларының сөмкесі 2 келіден аспауы тиіс. 4-5 сыныпта – 2,5 келі, 6-7 сыныпта – 3,5 келі, ал жоғары сынып оқушылырының сөмкесі 4,5 келіден артық болмауы қажет. Ауыр рюкзактың салдарынан сколиоз, остеохондроз сияқты аурулардың туындайтынын ұмытпауымыз қажет", - деп атап көрсетті Бекшин.