Сурет: РИА Новости
Меккеде үлкен қажылық кезінде алты адам қатты ыстықтан қаза тапты. Сауд Арабиясының шенеуніктері биыл температураның +48°-қа жетуі мүмкін екенін ескерткен, деп хабарлайды CNN порталы.
Қаза тапқандардың алтауы да Иордания азаматтары болып шықты. Иордания Сыртқы істер министрлігі Джиддадағы азаматтардың жерлеу рәсімін жіне денесін елге қайтаруды Сауд Арабиясы билігімен келісетінін жеткізді.
Оқиға 15 маусым күні Арафат тауының басында орын алған. Қаза тапқандардың бірінің жиені CNN-ге берген сұхбатында әпкесінің Арафат тауында көз жұмып, Сауд Арабиясында жерленгенін айтқан.
Сауд Арабиясының Бас статистикалық басқармасының мәліметі бойынша, биылғы жылы үлкен қажылыққа 1,8 миллионнан астам адам қатысқан.
Үлкен қажылық – әлемдегі ең үлкен діни жиындардың бірі. Ол жылына бір рет Рамазан айы аяқталғаннан кейін екі ай және 10 күн өткен соң, исламдық Зул-хижа айында болады.