16 қаз, 2020 сағат 07:10

«Медицина қызметкерінің мәртебесі туралы» жеке заң әзірлеу орынсыз - Асқар Мамин

«Медицина қызметкерінің мәртебесі туралы» жеке заң әзірлеу орынсыз. Бұл жайында сенаторлардың депутаттық сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

 «Медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте құқықтарды, міндеттерді, әлеуметтік қорғау шараларын айқындау, пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру арқылы медицина қызметкерлерінің мәртебесін күшейту жөніндегі нормалар көзделген. Жаңа нормаларға сәйкес медицина қызметкерлерінің көлік шығындарын, лауазымдық міндеттерін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге, әлеуметтік қолдау шараларын, жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен қосымша жеңілдіктер мен ынталандыру төлемдерін алуға құқығы бар. Осыған байланысты «Медицина қызметкерінің мәртебесі туралы» жеке заң әзірлеуді орынсыз деп санаймыз», - деді Үкімет басшысы. 

Оның атап өтуінше, 2020-2021 оқу жылына қоғамдық денсаулық және гигиена, қоғамдық денсаулық және эпидемиология кафедралары ашылды. Тиісті білім беру гранттарын бөлу үшін медицина кадрларымен, оның ішінде эпидемиология, инфекциялық аурулар, реаниматология, пульмонология, кардиология сияқты бағыттар бойынша қамтамасыз етудің ұзақ мерзімді болжамы қалыптасуда.

«2012 жылдан бастап медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен білім алған бітірушілердің үш жыл бойы міндетті жұмыспен өтеу нормасы енгізілді (еліміздің медициналық жоғары оқу орындарының 2019 жылғы түлектеріне қолданылады). Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген жас мамандарға жергілікті атқарушы органдар бюджеттің мүмкіндігіне қарай әлеуметтік қолдау көрсетеді», - деп атап өткен Асқар Мамин.