15 шіл, 2021 сағат 22:04

Мәжіліс депутаты Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді



ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сырым Ертаев Түркістан облысы, Төлеби ауданына жұмыс сапарымен келіп, Көксәйек ауылдық округі әкімдігіне үміткер Жексенбек Сарсәулетовпен бірге «Жомарт» шаруа қожалығының жағдайымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Көксәйек ауылдық округі, Қазақстан елді мекеніндегі «Жомарт» шаруа қожалығы 2002 жылы құрылған. Қожалық мал өсірумен және бордақылаумен айналысады.  Бүгінгі таңда мұнда 50 жылқы, 100 ірі қара, 2000 қой бар. Шаруа қожалығының иесі Нұрбол Аманжоловтың айтуынша, жылына 120-130 тонна ет өндіреді. Негізінен қой еті сауда орындарына шағарылады. Мұнда 6 адам тұрақты жұмыс істейді. Маусымдық жұмыс кезінде қосымша 25 адам жұмыспен қамтылады. Алдағы уақытта қожалық төрт түлік санын арттырып, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. 



Кәсіпкер Н.Аманжолов қожалықтың бүгінгі жай-күйі, атқарылған жұмыстар жайында қысқаша әңгімелеп, шаруаларды толғандырып отырған мәселелерін хабарлады. Кездесуге келген ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығына қатысты сұрақтарын қойып, халық қалаулысы мен әкімдікке үміткер азаматтың пікірлерін тыңдады. 

Депутат Сырым Ертаев ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар және оның тиімділігі, шаруаларға берілетін көмектер жөнінде әңгімеледі.  7  шілдеден бері Түркістан облысының барлық дерлік аудан-қалаларын, елді мекендерін аралап жүрген ол республикалық деңгейде шешілетін мәселелер бойынша депутаттық сауал, хат дайындалып, нақты жұмыс жүретінін айтты. 

Ел азаматтарымен кездескен жергілікті тұрғындар ауылдың еңсесін көтеру жолындағы жұмыстар жандана түссе деген тілектерін жеткізді.