Жамбыл облысы Көксай шатқалында қар көшкінінен қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындары мен туыстарына мәжілісмендер көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаза тапқан әскерилердің жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтамыз», - деді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысындағы қар көшкінінен болған қайғылы оқиға жөнінде.
«Жамбыл облысында үлкен қайғылы оқиға орын алды - жеті әскери қызметші әскери борышын өтеу жолында көз жұмды. Өз атымнан, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері атынан және барлық әріптестерім - Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары атынан қаза тапқан әскерилердің отбасына, туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Олар әскери істің кәсіби мамандары және өз Отанының нағыз патриоттары болды. Олардың туыстары және жақындарының қайғысына ортақпыз. Түсінемін, мұндай орны толмас қазаға көндігу қиын, бірақ марқұмдардың отбасы барлық қазақстандықтардың қайғырып отырғанын білуі тиіс. Барлығымыз қайғыра көңіл айтамыз. Үкімет қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрды. Қорғаныс министрлігі мен құқық қорғау органдары себептерді анықтау үшін барлық қажетті шараларды жасауда және қаза тапқандардың жанұясына көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен бірге, Қарулы Күштерде мұндай қасіреттің қайталанбауы үшін барлық қажетті шараны жасау керек», - деді М.Әшімбаев.