Фото: Айжан Алхабек
Жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы Ult.kz-те.
Ұлттық киім кию жылдан жылға сәнге айналып келе жатқаны көпшілікті қуантады. Қазіргі таңда жас жұлдыздардан бастап, қоғамдық пікір иелеріне дейін ұлтымыздың болмысын айшықтап, көптің алдына ұлттық киіммен шығып жүргені әдемі деседі. Наурызнаманың онкүндігін, соның ішінде 18-ші наурызды «Ұлттық киім кию күні» деп белгіленгелі бұл жақсы әдет көлемді мерекеге айналды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұл -қыздарымыз ұлттық киімді тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де жарасымды болатынын айтқан еді. Сәйкесінше, ұлттық киім киюді мемлекеттік деңгейде насихаттай бастаған соң, нарықта оған сұраныс артты.
Ақтөбелік «Сырмақ» брендінің тігінші-дизайнері Инабат Ескендір үшін ұлттық киімді көпшілікке ұсыну жай ғана кәсіп емес, түп тамырымызды табуға ұлттық киім арқылы үлес қосу. Ол бұл істі өмірлік миссия көреді.
«Әлбетте мереке алдында ұлттық киімге сұраныс артады. Бірақ біз тігетін сырмақтарды сыйлыққа, өзіне, не болмаса шетелге киюге деп жыл бойы сұратады. Сұраныс артқан сайын қолданыс аясы мен ассортиментті көбейту үшін еңбектеніп жатырмыз. Кәсібімнің мақсаты — ұлттық киімді заманауи үлгіде ұсыну және наурыз бен жұма күні ғана емес, күнде ұялмай, мақтанышпен киіп жүруімізге үлесімді қосу. Миссиям сол. Жастардың сауатты, ұлтжанды екенін көрсем мәз боламын», — дейді Инабат Ескендір.
Фото: Айжан Алхабек
Иә, жыл сайын көненің көзін жаңғыртып, жаңа идеялармен толыққан түрлі ұлттық киімдерге таңдау көбейді. Түрлі баға, түрлі сапа. Алайда көпшілік сапалы матадан, ерекше дизайнмен тігіліген ұлттық киімдер халық үшін қолжетімсіз, бағалары қымбат деп реніш білдіреді.
Сапалы ұлттық киім не үшін қымбат екенін соңғы жылдары нарықта қыз келіншектер арасында сұранысқа ие боп жүрген «Zeine» этно брендінің тігінші дизайнері Бақытгүл Көшербайдан сұрап көрдік:
«Иә, келісемін, ұлттық нақыштағы сапалы киімдердің бағасы жоғары болып жатады. Оның басты себебі, біздегі өндірістің толық дамымауы. Маталардың жетіспеушілігі мен сапалы материалдардың қымбат болуы, өндіріс орындарының аздығы, сондай-ақ кейбір детальді қолөнер жұмыстарының көп еңбекті қажет етуі — барлығы бағаға тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар, ерекше маталарды шетелден арнайы тапсырыспен алдыру қажеттігі де өзіндік үлесін қосады. Кейбір бұйымдарымыздың жарыққа шығуы 6 айға дейін созылуы мүмкін. Себебі әр кезеңі мұқият жоспарлауды және жоғары сапаны талап етеді. Сызба жұмыстарының өзі ұзақ уақыт алады. Ал ерекше, әрі сапалы өнім жасау үшін басқа да дизайнерлермен бірлесе жұмыс істейміз. Осы факторлардың барлығы ұлттық киімдердің бағасына әсер етеді. Біз мүмкіндігінше қолжетімді әрі әдемі дүниелерді шығаруға тырысып жатырмыз», — дейді дизайнер.
ПАЙЫМ
Ұлттық киім киюге жастардың да, үлкендердің де ынтасы зор. Ұлттық киімнің түрлі үлгісіне оны киіп жүретін өз тұтынушылары да табылып жүр. Нарық жылдан жылға ұлғайып келеді. Ұлттық киім тігуші дизайнерлер арасында бәсеке бар болғандықтан, сапа да бар. Бар мәселе әдемі үлгіде тігілген, сапалы ұлттық киім кигісі келетін ұмтылыстың кейде қалта шамасымен сәйкес келмеуінде. Сол себепті мамандар ұлттық киім киюді мемлекеттік деңгейде насихаттап қана қоймай, оны көпшілікке қолжетімді ететіндей мата, шикізат шығаратын өндіріс орындарын ашу басты қажеттілік боп тұрғанын айтады. Бұл мәселе шешілгенде ғана киімге қажет түрлі ұсақ деталь, маталар көрші Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркиядан сатып алынбай, толық өз жерімізде өндіріліп, тігілген деп атауға келетін еді. Сонда ғана ұлттық киімді киіп жүрген әр қазақтың еңсесі тіктеліп, өзімен бірге туған жерінің бір бөлшегін ерекше мақтанышпен алып жүрер еді. Сол күнге жетейік.