Отандық саясаттанушы Расул Жұмалы «Nur Otan» партиясының праймеризі елдің саяси жүйесіне жаңа серпін алып келгенін айтады. Енді халықтың тағдырын шешетін депутаттық орындарға кездейсоқ адамдар емес, праймериздің сүзгісінен өткен, халықтың алдында өзінің қарым-қабілетін дәлелдей алған мықтылар отырады дейді ол.
Еске салайық, бүгін Шымкент қалалық «Nur Otan» филиалының кезектен тыс конференциясы кезінде Мәслихаттың партиялық тізімі әзірленіп, Парламент Мәжілісінің партиялық тізіміне үміткерлер анықталды. Талдау көрсеткендей, тізімдегі әйелдердің үлес саны 3 есе артып, 11-ден 30%-ке дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар 0-ден 20%-ға дейін жеткен. Үміткерлердің орташа жасы 49-дан 44 жасқа дейін төмендеді. Қызметтегі депутаттардың ішінен 8 адам ғана жаңа тізімге енгізілген.
«Бұған дейін жабық есік жағдайында әкімге кім жақса сол өтіп кететін тізім енді ашық та бәсекелестік ахуалында жасақталуда. Бұл елдің мәселелерін шешетін маңызды орындарға кездейсоқ, көпшілік тани бермейтін адамдар емес, Праймериз сүзгісінен өтіп қабілетін дәлелдей алған азаматтар келеді деген сөз. Олай болса қабылданатын шешімдердің сапасы да артып, халықтың ойынан шығуына негіз пайда болады. Ал жалпы алғанда он жылдап өзермейтін құрам 70 пайызға жаңаратын болды. Осының бәрі алдағы сайлауда Nur Otan басымдыққа қол жеткізіп жатса, Маслихат жұмысына оң серпін бермек», - деп жазды Расул Жұмалы өзінің Facebook-парақшасында.
Конференция барысында Мәжілістегі партиялық тізімге үміткерлер арасында пікірсайыстар өтті. 8 үміткердің ішінен партиялықтар «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы қалалық өкілдік квотасына сәйкес 4 үміткерді таңдады.
Парламенттің төменгі палатасының қызметтегі депутаты Берік Оспанов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев, кәсіподақ төрағасы Берік Бекжанов және мектеп-интернат директоры Жадыра Таңатарова ең көп дауыс жинады.
Филиал төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, праймериз кезінде тұрғындардан түскен 685 ұсыныстың 98% Шымкент қаласының сайлауалды бағдарламасында көрініс тапты.