11 шіл, 2022 сағат 11:24

Мәскеуден Ақтауға шыққан ұшақ бір сағаттан кейін әуежайға оралды


Ресейлік "Россия" әуекомпаниясының Мәскеуден Ақтауға шыққан ұшағы бір сағаттан кейін Шереметьево әуежайына оралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Москва 24" арнасына сілтеме жасап.

10 шілдеде Мәскеу уақыты бойынша сағат 12.00-де Мәскеу – Ақтау бағыты бойынша көтерілген ресейлік "Россия" әуекомпаниясының Su-6525 рейсі бір сағаттан кейін Шереметьево әуежайына оралған. Ұшақ жолаушысы ұшақты жедел жәрдем мен полиция күтіп алғанын, ал экипаж жолаушылар келесі ұшақпен ұша алатынын айтқан. Басқа мәлімет айтылмаған.

Шереметьево әуежайындағы таблоға сәйкес, ұшақ Мәскеуден төрт сағаттан кейін ұшып, Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 22.29-да Ақтауға қонған.

Айта кетейік, бұған дейін "Аэрофлот" баспасөз қызметінде "Россия" әуекомпаниясы 23 сәуірден бастап Мәскеуден Қазақстанға рейстер ашатыны хабарланған болатын. Рейстерді ресейлік Sukhoi Superjet 100-95 ұшақтары орындайды.