05 ақп, 2021 сағат 14:08

Мәскеуде Навальныйға қатысты басқа бір қылмыстық іс бойынша сот өтіп жатыр

5 ақпанда Мәскеудің бітім соты "ар-намысты қорлау" бабы бойынша Алексей Навальный үстінен қозғалған іс бойынша сот тыңдауын қайта жалғастырды. Оппозиционер 94 жастағы соғыс ардагері Игнат Артеменконың "ар-намысын қорлау үшін" қасақана түрде жалған ақпарат таратты деп айыпталып отыр.

Бұған дейін сот процесі Навальныйдың "Новичок" тобына жататын умен уланып, Германияға жіберілуіне байланысты тоқтап қалған.

ТАСС агенттігі жұма күні "басқа қылмыстық іс бойынша қамауда болған Алексей Навальный сот отырысына жеткізілді" деп хабарлады. Сот ғимараты маңында қауіпсіздік күшейген.

Навальныйдың үстінен қылмыстық іс былтыр маусым айында қозғалған. Әлеуметтік желіде Навальный Конституцияға енгізілетін түзетулерді қолдап, RT телеарнасының үгіт-насихат видеосына түскен адамдарды "сатқын малайлар" деп атаған. Тергеу органы өкілдерінің айтуынша, бұл сөз видеоға түскен Артеменконың намысына тиген. Хаттамаға сәйкес, Навальный жазбасын оған саяжайдағы көршісі хабарлаған. Бұдан соң ол өзін қарайтын адамға жазбаны көрсетуді сұраған. Артынша ардагердің жағдайы нашарлаған.

Навальный өзіне тағылған айыпты мойындамайды және қылмыстық істің саясиланғанын айтады. 

Аталған бап бойынша оппозиционер миллион рубльге дейін айыппұл төлеуге немесе 240 сағатқа дейін жұмыс істеуге міндеттелуі мүмкін.

2 ақпанда Мәскеудің Симоновский соты Алексей Навальныйды түрмеге қамау туралы үкім шығарған. Саясаткердің 2014 жылы "Ив Роше" ісі бойынша алған шартты жазасы 3,5 жыл түрме жазасымен алмаастырылды. Оппозиционердің 2014 жылы бірнеше ай үйқамақта болғаны ескерілгендіктен ол түрмеде 2 жыл 8 ай отыруы тиіс.

Навальный 17 қаңтарда Берлиннен Мәскеуге келгеннен кейін бірден әуежайда ұсталған. Ол Ресейде "Новичок" уымен уланғаннан кейін Германияда 5 ай емделіп, еліне қайтқан бетте ұсталды. Ресей билігі улану фактісін жоққа шығарады. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалмады.