13 ақп, 2018 сағат 14:31

Мәскеу түбінде апатқа ұшыраған ұшақта тағы бір Қазақстан тумасы болған

Алтай билігі Ан-148 ұшағының апатқа ұшырауынан өңір тұрғыны қаза тапты деген мәліметті жоққа шығарды, - деп хабарлайды РИА Новости. Өңірлік БАҚ мәліметінше, осы әуе апатынан қаза тапқандар арасында Алтай өңірінің тұрғыны Илья Ставский болды деген мәлімет таратқан еді. 

"Илья Ставский шынымен де 5 жыл бұрын Алтай өңірінде төлқұжат алған. Сол кездері ол уақытша Рубцовкада болып, құжаттарын жоғалтып алған. Негізінде осы төтенше жағдайға дейін ол Свердлов облысында тұрған. Қазақстан тумасы", - деді Алтай өңірінің ақпараттық саясат департаментінің басшысы Андрей Ляпунов. Сонымен қатар оның айтуынша, ата-анасы Орынбор облысында тұрады екен. 

Осыған дейін Мәскеу түбінде апатқа ұшыраған ұшақ бортында Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы болғаны хабарланды. Сергей Панченко Ресей Федерациясының Норильск қаласының Даму агенттігін басқарған. Норильсктің қалалық кеңесінің депутаты болған.

Сергей Панченко 1973 жылы 28 наурызда Шымкент облысының Ақсу ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Омбы мемлекеттік технологиялық университетті "Инженер-технолог" мамандығы бойынша тәмәмдаған. 2009 жылы Мәскеудегі "Высшая школа экономики" Ұлттық зерттеу университетін бітіріп, "Жалпы және стратегиялық менеджмент" мамандығын алған.  

Еңбек жолын 1996 жылы Норильскте бастап, түрлі қызметтер атқарған. 2017 жылдан бері "Агентство развития Норильска" Коммерциялық емес автоном ұйымын басқарған еді. Артында әйелі мен екі баласы қалды. 

Еске салайық, 11 ақпанда Ан-148 ұшағы сағат 14.21-де Домодедово әуежайынан ұшып шыққан, алайда, 7 минуттан кейін, яғни 14.28-де күтпеген жерден радарлардың экранынан жоғалып кетті. 

Жоғалып кеткен Ан-148 ұшағының бортында 65 жолаушы мен экипаждың 6 мүшесі болған. Қылмыстық іс қозғалды. 

Tengrinews.kz