03 там, 2020 сағат 10:15

Маска тағу талабын орындау керек – ДДСҰ сарапшысы

ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Кэролайн Кларинвал корнавирус инфекциясына тосқауыл қоюдың шараларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бұл тақырыпты үнемі талқылаймыз. Баршасына жарайтын, яғни барлық елдер үшін әмбебап шешімнің болуын қалаймыз. Алайда, ең бастысы – барлық шешімдер елдердегі жағдайға сай келуі тиіс. Осы орайда жергілікті деңгейде тиісті қадамдар енгізілетініне көз жеткізуіміз керек. Неліктен ол маңызды?

Әр ел мен әр денсаулық сақтау жүйесінде айырмашылық бар. Сондықтан тиісті қадамдар нақты бір елге сәйкес келуі қажет. Бұл оңай шаруа емес. Осы мақсаттарды орындауға тырысып келе жатқан Қазақстан Үкіметі мен Денсаулық сақтау жүйесіне ризашылығымды білдіргім келеді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

«Әр адам індеттің таралмауына өз үлесін қосуы қажет. Ең бастысы – гигиена талаптарын сақтап, қолды сабынмен жуған дұрыс. Сонымен қатар, респираторлық этикетті сақтаған жөн. Біз ара қашықтықты сақтауға кеңес бердік, кем дегенде екі метр. Бұл шаралар індетті жұқтыру себептерін төмендетеді. Маска тағу тәртібін орындауы тиіс. Жалпы, біз осы шараларды әр азаматтың орындауы керектігін атап өтудеміз», - деді Кэролайн Кларинваль.