18 там, 2021 сағат 11:44

Мамин: Ақтөбе облысы халқының тұрмыс сапасы мен әл-ауқаты жақсарады


Бүгін ҚР Үкіметі Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму кешенді жоспарын мақұлдады, деп хабарлады "Ұлт ақпарат".

«Ақтөбе облысы – батыс аломерациясының орталығы, еліміздегі маңызды индустриялық-аграрлық өңір. Металлургия, химия және мұнай-газ салаларын дамыту үшін облыстың айтарлықтай әлеуеті бар. Кешенді жоспардың 36 іс-шарасын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін береді, бес жыл ішінде шамамен 5,8 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді», - деді Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет отырысы барысында.

Оның айтуынша, көліктік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жобалары іске асырылады. Жаңа өндірістер ашылып, жаңа мектептер мен ауруханалар пайдалануға беріледі. 114 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады. 

«Ең бастысы – облыс халқының тұрмыс сапасы мен әл-ауқаты жақсарады, орташа жалақы өседі. Осыған байланысты, кешенді жоспарды сапалы іске асыру үшін барлық күш-жігер жұмсалуы қажет. Біз бұл құжатты мақұлдаймыз. Ұлттық экономика министрлігі мен Ақтөбе облысының әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жоспардағы іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін», - деді Премьер-Министр.