14 қаз, 2023 сағат 14:03

Мамандық таңдау маңызды

 

Фото: otyrar.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімдіктерімен бірлесіп, кәсіпорындардың тапсырысы бойынша мақсатты оқыту жүзеге асырылуда. Мемлекет мамандарды тегін оқытады, ал кәсіпорындар жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемелерді өз мойнына алады. Алғаш рет 10 мың мақсатты грант бөлінді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

 

Кадрларды даярлауды жақсарту мақсатында колледждерге академиялық дербестік берілді. Жұмыс берушілермен бірлесіп білім беру бағдарламалары әзірленуде және оқыту мерзімдері өзгертілді. Мемлекеттік колледждердің 100%-ы кәсіпорындардың патронатына берілді. Колледждерге қабылдау үшін бірқатар жаңашылдықтар енгізілді.

 

Мамандық таңдау кезінде бітірушілер үшін міндетті кәсіби диагностика қарастырылған. Нәтижелері бойынша талапкерлер мамандық таңдау бойынша ұсыныстар алады.

 

Мемлекеттік тапсырыстарды студенттер арасында бөлу процесі автоматтандырылды. Қабылдау емтихандары жойылды. Талапкер 1-ден 3-ке дейінгі біліктілікті меңгеру мүмкіндігіне ие болады. Мемлекеттің қолдауымен «Жас Маман» жобасы бойынша жабдықталған 180 колледж оқу бағдарламаларын жаңартып, тиісті заманауи қондырғылар орнатып, сапалы мамандар даярлауға тың серпін алды.

 

Жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін және халықаралық имиджін арттыру мақсатында «Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

 

Осының арқасында халықаралық аккредиттеуден өткен жаһандық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға қол жеткізіліп, шетелдік серіктестермен академиялық алмасулар кеңейеді. 2025 жылға қарай бес жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары жұмыс істейтін болады.

 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, гранттар саны 2020 жылғы 65 мыңнан 2022 жылы 88 мыңға дейін ұлғайтылды. Студенттердің шәкіртақы мөлшері де артып келеді. Мәселен, бакалавриат студенттеріне 36 мың теңге, докторанттарға 150 мың теңге көлемінде жәрдемақы қарастырылған. 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысы тағы 2 есеге, магистратура мен докторантураға 1,5 есеге өседі», - деді Ғылым министрлігі басшысы.

 

Сондай-ақ ол жоғары білім беру секторының негізгі екпіні мамандар даярлауға (92%), магистратурада 5,8%, докторантурада 0,94% ғана білім алатынын атап өтті.

 

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім» саласындағы негізгі көрсеткіш екі отандық университеттің халықаралық QS рейтингінің ТОП 200-ге енуі болып табылады. Университеттердің QS беделді рейтингіне қатысуының 9 жылында оң динамика байқалды. 2013 жылы 8 ЖОО қатысса, бүгінде олардың саны екі есеге артты.

 

«Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының қажырлы еңбегінің жемісі. Өйткені олар әлемдік деңгейдегі үздік университеттермен қатал бәсекелестік жағдайында бұл позицияларға жетуі керек. Бұл ретте рейтингке қатысушы ЖОО санының тұрақты өсу үрдісін байқап отырмыз», – деп атап өтті С.Нұрбек.

 

Сондай-ақ көрсеткіштердің нәтижелерін қысқаша талқылады.

 

Бірінші индикатор – «Халықаралық білім беру бағдарламаларын іске асыру» 2021 жылы орындалды және 30%-ды құрайды. Бұл меже де ағымдағы кезеңде орындалды.

 

Екінші көрсеткішке 2021 жылы пандемия кезінде жол жүруге қойылатын санитарлық шектеулерге байланысты қол жеткізілмеді. Кейбір азаматтар келе алмады. Биыл бұл көрсеткіш 100 пайызға орындалды.

 

Үшінші көрсеткіш – 2025 жылға дейін кем дегенде 5 шетелдік университеттің филиалы ашылуы керек еді. Бір филиал 2021 жылы ашылса, биыл шетелдік университеттердің 3 филиалы ашылады.

 

Ұлттық жоба негізгі көрсеткіштер мен мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған шараларды жүзеге асыруды көздейді. Академиялық шеберлік орталықтарын құру бойынша шаралар қабылданды. 15 аймақтық және 5 педагогикалық жоғары оқу орны таңдалды. Оларды қаржыландыру үшін мемлекеттік инвестициялық ұсыныстар әзірленіп, Ұлттық экономика министрлігінен оң қорытындылар алынды. Қаржылық-экономикалық негіздемелер әзірленді. Жергілікті атқарушы органдармен бірге академиялық шеберлік орталықтарын құру пысықталды, әкімдіктерден өтініштер түсті.

 

Бағдарлама жүзеге асырылған 10 жыл ішінде 17 мыңнан астам қазақстандық студент шетелдік серіктес университеттерде білім алды. Мәселен, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында осы бағдарлама бойынша білім алған студенттер саны 2320 адамды, 2021 жылы 3246 адамды құрады.

 

Әлемдік білім беру стандарттары мен озық тәжірибені оқу үдерісіне енгізу үшін шетел университеттерінің филиалдары ашылуда.

 

Сондай-ақ 2023 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Мичиган мемлекеттік университетін ашу жоспарлануда.

 

Филиалдардың жұмыс істеуі үшін Үкімет қаулылары қабылданды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді.

 

Жоғары білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Білім беруді одан әрі дамытудың негізгі векторлары қазірдің өзінде айқындалды.

 

Негізгі бағыттары:

 

– болашақ мамандықтарды ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту;

– университет инфрақұрылымын дамыту;

университеттердің цифрлық экожүйесін дамыту

– шетел университеттерінің кампустарын ашу

шетелде қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу

университеттердің академиялық және басқарушылық дербестігін одан әрі кеңейту.