29 нау, 2022 сағат 18:05

Мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау конкурсы 71 мектепте іске асады


«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау конкурсы туралы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2022-2023 оқу жылына мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау конкурсы дарынды балаларға арналған 71 мектепте іске асады. Үміткерлердің құжаттарын қабылдау ағымдағы жылдың 1 наурызы мен 1 сәуірі аралығында www.qabyldau.daryn.kz порталы арқылы жүргізіледі. Конкурс «Дарын» орталығы белгілеген мерзімде бекітілген кестеге сәйкес 15 – 30 сәуір аралығында өтеді. Мамандандырылған білім беретін ұйымдары 5, 6, 7 сыныптың оқушыларын қабылдайды», - деді Нұркешев Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Бесінші сынып оқушылары 40 сұраққа жауап береді:

- математика және логика – 30 сұрақ, 

- оқу сауаттылығы – 10 сұрақ. 

Тестілеуге бөлінген уақыт – 60 минут. 

Алтыншы сынып оқушылары 60 сұраққа жауап береді: 

- математика және логика – 35 сұрақ;

- оқу сауаттылығы – 15 сұрақ;

- Қазақстан тарихы – 10 сұрақ.

Тестілеуге бөлінген уақыт – 90 минут.

Жетінші сыныпқа түсетіндер 75 сұраққа жауап береді: 

- математика және логика – 55 сұрақ;

- оқу сауаттылығы – 10 сұрақ;

- Қазақстан тарихы – 10 сұрақ.

Тестілеуге бөлінген уақыт – 120 минут.

Бұдан бөлек ол «Мың бала» олимпиадасы бойынша ауыл мектептерінің оқушыларына бөлінген квота саны 10%-ды құрайтынын айтты. 

«Мамандандырылған мектепте білім алатын бастауыш сынып оқушысы орта мектепке емтихансыз өтеді. Іріктеу конкурсы электронды форматта өткізіледі. Оқушыларды мамандандырылған мектептерге қабылдаудың ашықтығын, әділдігін қадағалау үшін электронды платформаның көмегімен прокторинг жүйесі қолданылады. Ғимаратта, аудиторияларда және конкурстық іріктеу өткізілетін орындарда бейнебақылау және аудио жазба жүйелерін қамтамасыз етеміз», - деді Тимур Нұркешов.