2009 жылы ару Алматыда мектеп бітіріп, киелі Түркістанның университетіне оқуға түстім. Алғашқыда бәрі басқаша, бәрі қиын еді. Ой-пікірлер, ұстанымдар мен көзқарастар жергілікті түлектермен сәйкес келе қоймады. Тіл табысуым да қиынға соқты. Алматыға қайта ауысуды ойлап жүретінмін. Сондайда алғаш тіл табысқан бір ұстазым, бір досым болды.
Досым дегенім шетелдік азамат еді. Менің достық қарым-қатынасымды ұстаздарым да, қатарластарым да құп көрмеді. Айтуларынша «шетел азаматымен дос болуға болмайды». Себебін сұрасаң түсіндіре алмайды. Бірақ біздің көзқарасымыз, пікірлеріміз, ойларымыз көп сәйкесетін. Елдің ойымен өмір сүру деген түсінікті түсіне алмаған мен достығымнан бас тартпадым. Ал бұл әрекетімді қолдаған жалғыз оқытушым – Сейдулла Садықұлы.
«Өзіңе ыңғайлы ма, жаныңды түсіне ма, сырласа аласың ба, болды. Жұрттың сөзін тыңдама, біз қазақ баламызды да «жұрттың баласымен» салыстырып тәрбиелейтін елміз. Тек ардан аттамасаң, достықтың шекарасынан шықпасаң болды» деді. Маған да керегі осы бір ауыз жылы сөз еді.
***
2010 жылы «Хабар» агенттігі ұйымдастыратын «Жастар жанары» деген байқау болатын. Бір күні Сейдулла ағай мені өзіне шақыртты. Әлгі байқаудың хабарландыруын көрсетіп, «қатысып көрші. Сен баланың қолыңнан жазу келеді» деді.
Байқауға эссе қабылдауға 1 ай уақыт бар екен. Не жазатынымды ұзақ ойланып жүрдім. Кейін өзімнің туған нағашы ағамның (біз оны ата деп атаймыз) отбасылық өмірі туралы жазамын деп шештім. Өйткені атамыздың Құдай берген сегіз қызы бар, кенжесі тоғызыншысы ұл болды. Бұл біздің әулет үшін үлкен оқиға. Содан ойыма бірінші тақырып оралды: «Сегіз сұлу, бір сері». Өзіме ұнап тұр. Тақырыпты өзгертпеймін дедім, әлі жазылмаған эссемнің сюжетін ойлап отырып. Осылайша бұл эссе бас жүлдені жеңіп алды. Жүлдеге арнайы диплом мен 100 000 (жүз мың теңге) ұтып алдым. Соңында Хабар агенттігі осы эссенің желісі бойынша арнайы хабар түсіріп, нағашыларымның ауылына арнайы бардық. Ол өз алдына бөлек әңгіме.
Қуанышымды бірінші болып ағайға жеткізіп едім, «ақшаңды жина, жаратпа. Бізде «жумайсың ба?» деген жазылмаған дәстүр бар. Олай дейтіндерге шашылма. Болашаққа жина» деді. Ағайымның айтқанын орындадым, «жумайсың ба?» дегендерге күліп қойым, құтты болсын деп сыйға сый етіп ақша ұсынғандарды қабылдай бердім. Туған-туыс, ағайындарымнан құтты болсынға 80 000 (сексен мың) теңге жиналды. Бұл сандар ол кезде өте көп ақша болатын. Осылайша 180 мың теңгеге 9 соттық жер алдым. Сөйтіп бірінші курсты бітіргенде менің жылжымайтын мүлігім болды. Қазір ол жерде 10\9 көлемді шағын баспана тұрғызылған.
***
2012 жылы еді. Біздің топ ең алғыр, ең үздік топ болды. Тобымызда 10 түрік студент, 8 қазақ студент. Бәрінен бұрын бәріміз Сейдулла ағайды ренжітпеуге тырысатынбыз. Ол кісінің сабағы қатып қалған теория оқып, кітап жаттау емес еді. Ағай журналистикадағы өз жолынан мысалдар келтіріп, практикасымен жиі бөлісетін. «Маман болмасаң да, адам бол» деген ақылы әрбір шәкіртінің жүрегінде өмір бойы сайрап тұратынына сенімдімін. Бір күні үйге арнайы тапсырма берді. Бірақ ертеңі оны ешқайсымыз орындамай келіппіз. Жас болған соң, еркелейміз, бұзықтық жасаймыз. Топтың старостасы – өзім. «Тапсырманы орындамай келіп, ағайды ренжіткенше, сабақтан бәріміз қашып кетейік. Әрі кетсе аудиториядан шатасыппыз дерміз» деп ақыл қостым. Өзімше табылған ақыл деп ойладым. Группаластарым да қолдай кетті. Арамызда Салтанат есімді қыз болатын. Ол әжесінің тәрбиесін алған, «ешқашан өтірік айтуға болмайды» деген ұстанымдағы бойжеткен. Бір сабақтан оқытушы 5 қояйын деп жатса, «апай, маған 4 қойыңызшы, мен 5-ке лайық емеспін» деп бәрімізді «күйдіретін». Сол қызымыз бәріміз қайтып кеткен соң, аудиторияға қайта кіріп, тақтаға «ағай, бізді іздемеңіз, біз сабақтан қашып кеттік» деп жазып кетіпті.
Ертеңіне ағай бәрімізді шақырып алып, алдымен қатты ренжіді. Ағайдың ренжігенін көріп, өзіміз де қатты өкіндік. Сөйтіп артынан Сейдулла ағай «тентектер-ау, қашқан соң үндемей кетпейсіңдер ма, тақтаға жазып кетіп, деканға дейін көрсетіп кетіпсіңдер ғой сырларыңды» деп бір күліп алды. Одан кейін сабақтан қашпайтын болдық, қашсақ та Салтанатты бірінші қайтарып жіберуге тырысамыз.
***
2013 жыл. Оқу бітіретін жылымыз. Бәріміз бір-бір дипом алып, маман атануға дайын тұрмыз. Мемлекеттік емтихан кезінде Сейдулла ағай маған күліп, «сен оқуға түскен жылы Алматыға ауысып кете ма деп қорқушы едім. Сен төрт жыл оқып шықтың, ұстаздарыңмен де, қатарластарыңмен де тіл табысып, бәрімен жақын болып кеттің. Сен дәл осы университетті таңдағаның үшін, менің шәкіртім болғаның үшін рақмет!» деді. Жүрегім біртүрлі толқып кетті. «Сізге рақмет, ағай!» дей бердім, көзімнің жасын іркіп. Біз оқып жүрген жылдары ағайымыз Ташкентке көп баратын. Докторлық диссертациясын қорғауға көп күш, көп уақыт жоғалтты. Таза жолмен, адал еңбегімен ғылымға да үлес қосып, талай мықты шәкірттерді де тәрбиелеп жүрген қадірлі ұстазымыз биыл 70 жасқа толды. Ұстазымыздың деніне саулық, шығармашылығына шабыт тілеймін!
Дәл сіз қызмет ететін университетте жоғары білім алғаным үшін, сіздің шәкіртіңіз болғаным үшін қуаныштымын. Бәрі үшін рақмет, ағай!
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ