18 қар, 2020 сағат 10:00

Мәлік Ғабдуллинге арналған ескерткіш бұрышы ашылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық қорғаныс университетінің әскери-гуманитарлық ғылымдар факультетіне Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин есімі беріліп, ардагердің құрметіне ескерткіш бұрышы ашылды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Аталған игі шара Жазушы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының нақты мүшесі, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдығы құрметіне арналды. Айтулы маңызды шараға аталған оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы мен тыңдаушылары қатысты.

«Ер есімі – ел есінде» деген ғой. Мәлік Ғабдуллин қазақтың батыры. Намысын жауға бермеген, халқы үшін жанын қиған алып азамат. Екінші дүниежүзідік соғыста генерал-майор И. Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында қатысқан батырдың есімі бүгін біздің әскери оқу орнында ұлықталғанына шексіз қуаныштымын. Бұл әскери салада оқитын әрбір жасқа мотивация болады деп сенемін», - деп Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов атап өтті.

Мәлік Ғабдуллин Екінші Дүниежүзілік соғысқа генерал-майор И. Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында қатысқан болатын. 1942 жылы Новгород облысындағы ұрыста сарбаздар тобын басқарды.

Жаумен шайқаста олардың санының басымдығына қарамастан, немістің екі танкін гранатамен жарып, көптеген жау әскерін жойды және 12 жауды тұтқынға алды. Мәлік Ғабдуллин жараланса да, шайқаса берді. Аға тәрбиеші Мәлік Ғабдуллинге осы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағымен бірге «Ленин» ордені және «Алтын жұлдыз» медалі табыс етілді.

«Мәлік Ғабдуллинге арналған ескерткіш бұрышының ашылуы мен оған жоғары оқу орнынан факультеттің атауы берілуі үлкен құрмет пен жауапкершілік», - деп Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов атап өтті.

Батырдың есімі орталық көшелер мен мектептерге берілген. 1995 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Көкшетау қаласында Мәлік Ғабдуллиннің еліміздегі алғашқы мұражайы ашылған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Жазушы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының нақты мүшесі, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдығы құрметіне Ұлттық қорғаныс университетінің әскери-гуманитарлық ғылымдар факультетіне Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин есімі берілді. Сол күні ардагердің құрметіне ескерткіш бұрышы ашылды. Айтулы маңызды шараға аталған оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы мен тыңдаушылары қатысты.