Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мақтаарал ауданында су басқан тұрғын үйлерге келген залалды бағалау жүйесіне қатысты ұсыныстар айтылды. Осы орайда Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Баршаңызға белгілі болғандай, Өзбекстанның аумағында орналасқан «Сардоба» су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданының бірқатар елді мекендері су астында қалды. Бүгінгі таңда ресми деректер бойынша ауданның 10 елді мекені, 800-ден аса тұрғын үйлері, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медициналық нысан су астында қалып, 31 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Қазірдің өзінде көктем кезінде еңбегі жанатын диқан-фермерлердің 7600 гектарға жуық аумақтағы дақылды егін алқабын су басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су басқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсету туралы Үкіметке тапсырма беріп, Түркістан облысының бірде-бір тұрғыны назардан тыс қалмайтынын айтты. Президент тапсырмасын орындауда Үкімет жедел шаралар қабылдады. Апаттың алғашқы күнінен бастап өңірде жедел штаб құрылды», - деп тоқталды депутат Құдайберген Ержан.
Осы орайда ол қабылданып отырған шараларға ұсыныс айтты.
«Үкіметтік комиссия су алған тұрғын үйлерге келген залалды бағалауда тек үйдің салынған материалына ғана емес, үйдің текше метр көлемі мен тұрғындар санын негізге алуын сұраймыз. Кейбір тұрғындардың өз мүліктерін рәсімдеп үлгермегендері де болады. Осы жағдайды ескеру қажет. Жерасты суларының жақын орналасқанын ескере отырып, су басқан жерлерді бабына келтіру мақсатында дренаж жүйелерін қолдануды қажет деп санаймыз. Диқандарға егінді қайта егуге қолдау жолдарын қарастыра отырып, оның ішінде ауылшаруашылық техника, жанар-жағармаймен жедел қамтамасыз ететін және оларға егістік алқаптарда уақытша паналауға мүмкіншілік жасау керек. Сонымен бірге, диқандармен ақылдаса отырып, қысқа мерзімде өнім беретін дақылдарды егуді және оған керекті тұқымдарды жеткізіп беруді, кейіннен алынған өнімнің сатылуына байланысты шараларды іске асыру керек деп санаймыз», - деді депутат.
Сонымен қатар ол қазіргі карантин жағдайын ескере келе, тұрғындарға медициналық көмек беру мәселесіне аса жоғары мән беру керектігін айтты.