28 ақп, 2019 сағат 13:03

Мәдениет және спорт министрлігі Полтораниннің ұсталғанын растады

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Алексей Полторанинге қатысты дау бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алексей Полторанин өзге спортшылармен бірге Аустрияда ұсталды. Күтпеген жерден жарыстан бір жарым сағат бұрын тексеріп, қамауға алған. Біз ондағы Консулдықпен байланысқа шықтық. Әзірге ХОК, ВАДА, Халықаралық шаңғы жарыстары федерациясы ешқандай ақпарат бермеді. Аустрияның заңына сәйкес, азаматты себепсізден-себепсіз 48 сағат қамауда ұстай алады. Жауап күтіп отырмыз. Мен Алексейдің таза спортшы екеніне сенімдімін. Бар болғаны, сәтсіз уақытта, ыңғайсыз жерде болғаны», - деді Серік Сәпиев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен брифингте. 

«Олимпиада ойындарына бір күн қалғанда түн ішінде допинг-офицерлер келіп, спортшыларды тексере алады. Спортшы және жетекші ретінде дәл осы тексерулерді құптамаймын. Бұл спортшының жеке кеңістігіне қол сұғу секілді. Физикалық және психологиялық тұрғыда да оңайға соқпайды», - деді ол.

Комитет басшысы допинг қолданды деген күдікпен ұсталған қазақстандық спортшының қазір тергеу оқшаулағышында отырғанын жеткізді.

«Мемлекеттік орган басшысы ретінде мұндай жағдайларды азайту үшін өзіміздің Ұлттық олимпиадалық комитет атынан талап арыз жазу керек шығар. Жарыс алдында спортшыны мазаламай, жәй ғана сынама алып кеткендері дұрыс. Мүмкін, аяқтан шалғысы келгендер де бар шығар. Себебі, ол (Алексей Полторанин - ред.) өз қашықтығында алтын жүлдеге үміткер болған. Оны жарыстан шығарып тастағысы келген шығар», - деді Серік Сәпиев Астанада өткен брифингте.

Еске сала кетсек, кеше Аустрияның Зеефельде қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Алексей Полторанин жарыс жолына шықпай қалды.

Неміс журналисі Хайо Зеппельт Туиттердегі аккаунтында «шаңғы жарысынан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан, Аустрия мен Эстония спортшылары антидопингтік ережелерді бұзды» деген күдікке ілінгенін жазды