26 шіл, 2022 сағат 00:45

Lufthansa неміс әуе компаниясының 20 мың қызметкері ереуілге шықпақ


Lufthansa неміс әуе компаниясының қызметкерлері жалақы дауына қатысты 27 шілдеде ереуілге шықпақшы. Бұл жазғы кезеңде әуе компания жолаушылары үшін қиындық тудырары сөзсіз, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Еуропалық БАҚ мәліметінше, Ver.di2 кәсіподағына мүше әуе компанияның 20 мың қызметкері сәрсенбі 03:45-тен (27 шілде) бейсенбі сағат 6-ға дейін (28 шілде) ереуілге шығады. 

Кәсіподақ осы аптадағы ереуіл Франкфурт, Дюссельдорф, Кельн, Гамбург, Мюнхен және Берлин қалаларындағы әуежайларды қоса алғанда, барлық Lufthansa базаларында өтетінін, салдарынан «рейстер тоқтайтынын және кешігетінін» растады.

Ver.di кәсіподағы өз мүшелерінің жалақысын 9,5% арттыруды талап етіп отыр және тамыз айында Lufthansa басшылығымен келіссөздер алдында «ескерту ереуілін» өткізбекші.

«Германия әуежайындағы жағдай қызметкерлер үшін де, жолаушылар үшін де бірнеше күннен бері қиын болып жатыр. Бірақ жолаушылардың ұзақ күтетініне, рейстердің тоқтатылып немесе кейінге шегеріліп жатқанына, жүктердің жоғалып жатқанына қызметкерлер кінәлі емес», - делінген кәсіподақ мәлімдемесінде. 

Lufthansa әуе компаниясы бір күндік ереуілді «негізсіз» деп атап, жолаушылар үшін «бос әурешілік» екенін мәлімдеді. 

«Келіссөздер өткеннен кейінгі екінші күні Ver.di2 ереуіл туралы мәлімдеді. Оның барлық жерде өтетініне және ұзақтығына қарап, ескерту сипатындағы ереуіл болады деп айтуға келмейді», - деді Lufthansa компаниясының персонал жөніндегі директоры Майкл Ниггеманн.