19 нау, 2024 сағат 17:08

Лудомания: Түркістан облысында тұрғындардың ақшасын ойынға салған күдікті ұсталды

Фото: Polisia.kz


Түркістан облысында тұрғындардан алаяқтықпен ақша алып, құмар ойынға салып жіберген күдікті ұсталды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.


Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен бұрын сотты болған 35 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді. 


Күдікті ер адам өзінің танысын кәсіпорындардың бірінде оператор қызметіне жұмысқа орналастырып беремін деген желеумен сеніміне кірген. Одан жалпы сомасы бір миллионға жуық қаржысын алып, байланысқа шықпай, “ізін суытқан”.  


Тәртіп сақшылары бұдан бөлек оның тағы екі алаяқтыққа қатысы барын анықтады. Келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгеден астам. Ол жәбірленушілерден алған ірі көлемдегі ақшаны құмар ойынға жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктінің қылмыстық ісі сотқа өтті.