Фото:depositphotos.com
АҚШ-тың Лос-Анджелес полициясы орман өрттеріне себепші болды деген күдікпен бір адамды ұстады. Бұл туралы “NewsNation” телеарнасына сілтеме жасап, Ult.kz хабарлайды.
"Лос-Анджелес полиция департаменті “NewsNation” телеарнасына “Кеннет” өртін тергеу енді қасақана өрт қою ісі ретінде қарастырылып жатқанын және бір адамның қамауға алынғанын растады", – делінген хабарламада.
Хабарда, күдіктіні ұстауға жергілікті тұрғындар көмектескені айтылған. Округ прокуроры Нейтан Хохманның мәліметінше, кінәлі деп танылған адам өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Апта ортасында Лос-Анджелесті қамтыған өрттер, өңір тарихындағы ең жойқын апаттардың бірі ретінде бағалануда. Мысалы, Алтадена ауданында 10 мың гектардан астам жер өртеніп, 13 мың ғимаратқа қауіп төнуде. Жағдайды қатты жел ушықтырып отыр, бұл авиацияны қолдануға кедергі келтірсе, Палисейдс ауданындағы өрт гидранттары істен шыққан. Мыңдаған үй өрт қоршауында қалған.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, апат құрбандарының саны кемінде 10 адамды құрайды. Лос-Анджелесте мыңдаған тұрғынды мәжбүрлі эвакуациялау туралы бұйрықтар берілді. Сонымен қатар, округтің өрт сөндіру қызметі басшысы қолда бар ресурстардың тек бір немесе екі ірі өртпен күресуге ғана жететінін мойындады.
Айта кетейік, 5 дүркін Олимпиада чемпионы Гарри Холл-Жуниор Лос-Анджелестегі табиғи апат кезінде үйі мен медальдарынан айырылғанын хабарланған. Сонымен қатар, орман өрттері салдарынан Голливуд актерлері Энтони Хопкинс, Адам Броди, Анна Фэрис және басқа да танымал адамдар үйлерінен айырылған.