Латын әліпбиіне көшу тіліміздің құрылымдарына қазіргі жаңсақ кетіп қалған қателіктерді түзетудің амалы. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында А.Байтұрсынов атындағы Тіл ғылымы институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Латын әліпбиіне көшу дегенді бір таңбаны екінші таңбамен алмастыра салу деп түсінбеу керек. Кез келген мемлекет уақыт мезгілімен өзінің жазуын пысықтап, ретке келтіріп отырады. Сондықтан мына сәтті пайдаланып, латын әліпбиіне өту дегенді біз қазақ жазуына реформа жасап алудың бастауы деп түсінуіміз қажет. Неге реформа деп отырмыз? Осы ретте төл дыбыстарымыздың басын ажыратып алудың, оған лайықты әліппені құрастырудың, біздің фонетикалық әрі грамматикалық тіліміздің құрылымдарына қазіргі жаңсақ кетіп қалған қателіктерді түзетудің амалы деп қабылдау маңызды», - деп тоқталды ғалым.
Оның пайымынша, латын әліпбиіне көшу мәселесін тек ғылыми, лингвисткалық тұрғыдан қарау керек.
«Жақында Парламентте бір жоба таныстырылды, алайда көпшілік осы жоба қабылданып қойды деген ойға келді. Бұл мәселені дұрыс түсіндіруге шақырамын. Ол жоба қабылданған жоқ, оны тек таныстырды», - деді Әлімхан Жүнісбек.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қыркүйекте ҚР Парламенті Мәжілісінде Шаяxметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры Ербол Тілешов латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасын таныстырды.