Қызылорда облысында Ішкі саясат басқармасының басшылығының қатысуымен, облыстағы 11 этномәдени бірлестіктің жетекшілерімен кездесу ұйымдастырылды. Аталған кездесуде өңірдегі Ассамблеяның қызметін жандандыру және оның қоғамдық-саяси рөлі мен маңызын арттыру мәселелері қаралды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Аталған жиынға Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысып, облыстағы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі мен маңызын арттыру туралы ойларымен бөлісті.
«Қасиетті Сыр өңірінде «бейбітшілік», «тыныштық», «тұрақтылық» деген маңызды ұғымдарды қалыптастыруда толымды істердің атқарылғанын айта аламыз. Бұл игі істерде Сіздердің үлестеріңіз зор. Біздің облыста қазақ халқынан бөлек, өзбек, орыс, кәріс ұлтының өкілдері де өмір сүріп келеді. Осындай түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында берекелі өмір сүріп отыруының өзі біздің облыстағы жұртшылықтың бірлігін көрсететіні сөзсіз. Осы орайда Ассамблея қызметінің маңызына тоқталып өткеніміз жөн. Ең бастысы ұлттардың бірлігін сақтап отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі қызметін жоққа шығара алмаймыз», - деді Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова.
Осындай ойлы бастамаларды айта келе, ішкі саясат басқармасының басшысы бірлестік жетекшілеріне өңірдегі Ассамблеяның қызметін жандандыру және оның қоғамдық-саяси рөлі мен маңызын арттыру бағытындағы тілек, пікірлерін білдіруді ұсынды.
Аталған жиында «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бауыржан Мастеков жыл басынан бері атқарылған нәтижелі жұмыстарға тоқталып өтсе, алғашқы ұсынысын білдірген облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова ұлттық костюмдермен қамту мәселесін қозғады.
«Өздеріңіз білесіздер, облысымызда кәріс ұлтының өкілдері көптеп тұрады. Олар тіпті қазақтың салт-дәстүрін ғана емес, тілін де еркін меңгерген. Мемлекеттік тілде қызмет алып, қызмет көрсетіп жүрген кәріс азаматтары қаншама. Осы орайда бір ұсыныс жасағымыз келеді. И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы техникалық колледжін 20 жыл басқарған Алексей Цойдың аты колледждегі бір бөлімшеге берілсе деген ұсынысы айтқымыз келеді. Облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан біздің бұл талап-тілегіміз ескерусіз қалмасына сенім білдіргіміз келеді», - дейді «Қазақстан корейлер қауымдастығы» облыстық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Ким.
Облыстық татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галия Гизатуллина Достық үйінің базасында дыбыс студиясымен қамтамасыз ету, қазақ эстрадасының жұлдызы болған жерлесіміз, әнші Батырхан Шөкенов тұрған көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары мен естелік тақта орнатылса деген ойларымен бөлісті. Ал Басқарма басшысы айтылған ұсыныстар барлығы кезең-кезеңімен шешімін табатынын және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауда, өңірдегі достық пен бейбітшілік бірлігін нығайтуда бірлесіп жүйелі жұмыс жасалатындығын ортаға салды.
«Талқылап отырған ұсыныстарыңыз өте орынды. Әсіресе әнші батырхан Шөкенов тұрған көп қабатты тұрғын үй туралы ойларыңыз жүректі тебірентті. Баршаңызға шексіз алғыз білдіремін. Алдағы уақытта әрқайсыңыздың ұсыныстарыңызды жеке-жеке талқылап, нақты нәтиже көрсетуге тырысамыз. Баршамыздың жұмысымызға сәттілік тілеймін», - деді Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысында Ішкі саясат басқармасының басшылығының қатысуымен, облыстағы 11 этномәдени бірлестіктің жетекшілерімен кездесу ұйымдастырылды. Аталған кездесуде өңірдегі Ассамблеяның қызметін жандандыру және оның қоғамдық-саяси рөлі мен маңызын арттыру мәселелері қаралды. Аталған жиынға Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысып, облыстағы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі мен маңызын арттыру туралы ойларымен бөлісті.