Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Германия және Қытай мемлекеттерінде өткен спорттық жарыстардың жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің бапсасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі халықаралық жарыстарда жүлдегер атанған Қамшыбек Қоңқабаевқа автокөлік кілтін, Рүстем Сыбайға 2 млн теңге, ал олардың бапкерлеріне 500 мың теңгенің сертификаттарын табыстады.
Естеріңізге сала кетейік, Гамбургте 25 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында бокстан әуесқойлар арасында өткен ХІХ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдені олжалап, жалпыкомандалық есепте 3-ші орынды иеленген болатын. Жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев «күміс» медальдің иегері атанды.
Зілтемірші Рүстем Сыбай да 19-30 тамыз аралығындла Қытайдың Тайбэй қаласында өткен 29-шы бүкіләлемдік жазғы Универсиадада 2-ші орынды жеңіп алды.
Облыс әкімі спортшыларды жеңістерімен құттықтап, Оңтүстік Кореяда өтетін Азия ойындарында және 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадада жарыстарында сәттілік тіледі.
"Еңбексіз жеңіс те болмайды. Қос спортшының жүлдесі жастардың жігерін жандырып, жаңа биіктерге жетелейді. Сіздер біздің еліміздің халықаралық спорттағы мәртебесінің жоғары екендігін дәлелдеп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыздар", - деді аймақ басшысы.
Спортшылар өз кезегінде сайыстан алған әсерлерімен бөлісіп, барша тілеулестеріне алғыстарын білдірді.