Төрт миллиард жыл бұрын Марста ауа да, мұхит та болған.
Бүгінде Марста адамзат жіберген роботтардан басқа ештеңе жоқ. Нақтырақ айтсақ жеті роботтан басқа. Жетеуінің өзі де ымырасыз, қызыл планетаның сай саласын кезіп жүр. Сондықтан болар, 2013 жылы Кьиюросити атты робот бір жасқа келгеніне байланысты құттықтау өлеңді өзіне-өзі айтыпты. Егер роботта жан болса жалғыздықтан жарылып кетер еді. Айтпақшы, 2022 жылға жүз мың адам Марсқа баруға һәм сол планетаны игеруге өтініш беріпті. Егер бұл жүзеге асса Кьиюроситидің он жасына арналған құттықтау өлең хормен айтылады.
Қызыл планетада мұхит болған дедік қой. Мұхит болғанда да Марс көлемінің 19% алып жатқан айдын-шалқар мұхит болыпты-мыс. Сонымен қатар біздің серігіміз Ай болғаны секілді Марстың да екі серігі бар. Олар Үрей һәм Қорқыныш деп аталады.
Тағы бір қызық бар. 1997 жылы Иемен мемлекетінің үш азаматы NASA – ны Марсқа бармақ ниеті үшін сотқа берген. Олардың айтуынша үш мың жыл бұрын аталары Марсты иемендіктерге мұраға қалдырыпты. Кім білсін, мүмкін адамзат бір кездері Марсты мекен еткен шығар. Бүгінгі қызыл планетаның аянышты хәлінде адамзаттың қолтаңбасы бар секілді.
СӘНГЕ АЙНАЛҒАН ДЕРТ
1800 жылдары құрт (туберкулез) ауруы сәнге айналған.
Он тоғызыншы ғасырға дейінгі суретшілердің суретін қарасақ картинада толық әйелдер бейнеленгенін байқаймыз. Бұл толықтықтың өзі табиғи инстинктімен сәнге айналғанын айтады ғалымдар. Байырғы еркектер толық әйелді денсаулығы жақсы деп сенген көрінеді. Табиғи инстинктіге салсақ адам бойындағы махаббат сезімінің барлығы ұрпақ өрбіту жолындағы бейсаналы құбылыс. Осынау ескі түскінік һәм салтанатты сән әлеміне құрт ауруы төңкеріс жасапты. Құрт ауруына тән талдырмаш дене, кеберген ерін, өңген шүберектей бет ұшындағы қызғылтты 19 ғасыр бикештерінен кездестіруге болар еді. Осының кейбір элементтері бүгінге дейін жетті. Бұл сән өз кезегінде диета, жаттығу залына бару, карсет, опа-далап, пластикалық операция сияқты дүниелерге жол ашты. Егер сәнде бұрынғыша толықтық болар болса экономиканың әйелдер тіреп тұрған тұсы гүрс етіп құлаған болар еді.
Coca-Cola ШАРАП ПА?
Coca-colа сусынын әуелде морфинді қою үшін ойлап тапқан.
1865 жылы Пембертон деген дәрігер соғыста кеуде тұсынан ауыр жараланып, ұзақ уақыт ем алған. Азабын жеңілдету үшін әлбетте морфин қабылдапты. Жылдар өтіп жара жазылыпты да, апиын, морфин секілді дәрілерді үзіліссіз қабылдау әдеті қалмапты. Дәрігер ұзақ ізденістен кейін ауырғанға шипа болатын, бірақ құрамында есірткілік заттары жоқ, коко жапырағынан Coco-colo сусынын жасаған. Әуелде бұл сусынды дәрігер «Пембертонның француздық кокайн шарабы» деген атпен саудалапты. Сұраныс болғаны ғой, Coca-Cola-ның біздің заманға жетуі.
ТЫРНАҚТАҒЫ ТЫЛСЫМ СЫР
Қазір адамның тырнағы бұрнағы ғасырдағыдан жылдам өседі.
Британ ғалымдары осылай дейді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарымен салыстырғанда біздің тырнағымыз едәуір тез өседі екен. Бұл адамзат баласының денсаулығының жақсаруымен байланысты дейді олар.
Тырнақ әлбетте адам денсаулығының айнасы. Кәнігі емшілер тырнаққа қарап-ақ диагноз қоятыны белгілі. Тырнақ жайлы терең толғам керек болса, қазақтың қарымды қаламгері Қайнар Олжайдың "ТЫРНАҚ, әңгіме бол бір қап" мақаласын оқыңыз.
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,
"Арқа ақшамы" газеті