19 қар, 2024 сағат 13:12

Токаевтың тапсырмасынан кейін төрт күн ішінде жылқы шаруашылығы институты құрылды

Фото: Gov.kz

Мұндай институт құру туралы президент 15 қарашада өткен алғашқы ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында айтқан болатын. Сол жерде Тоқаев тез арада жылқы шаруашылығы институтын құру мәселесін пысықтауды тапсырды. Тапсырма расымен жылдам орындалды — төрт күннің ішінде, деп хабарлайды Ult.kz.  

19 қарашада Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС құрылғанын жариялады. Ақтөбе ауыл шаруашылығы станциясы жаңа институттың базасы болып танылды.  

«Жаңа құрылған институттың жұмысы – асыл тұқымды жылқылардың сапасын жақсартуға, жылқы шаруашылығын белсенді дамытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және отандық тұқымды сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған», — деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.  


Институт алдағы бес жылда асыл тұқымды жылқы санын 6-7 пайызға арттыруды көздеп отыр. 

Институттың жанынан әртүрлі генетикалық топтары туралы ақпаратты сақтайтын деректер қорын және ұрықтар мен эмбриондар банкі құрылмақ. Сондай-ақ, биелерді қолдан ұрықтандыру зертханалық пунктін салып, арнайы жылқы өсіруші мамандарын дайындау жоспарланып отыр.