Үкіметтің кезекті отырысын ашқан Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев күн тәртібінен тыс еліміздегі қатты суыққа қатысты мәселелерге тоқталып, бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Премьер-Министр гидрометеорологтардың мәліметтері бойынша мұндай ауа райы тағы бірнеше тәулік сақталатынын атап өтті. Қазіргі уақытта еліміздің алты өңірінде ауа райы температурасы 30-35°C төмен. Таяу уақытта осындай суық оңтүстіктегі төрт өңірде күтілуде.
Осыған байланысты, Бақытжан Сағынтаев әкімдіктерге жылу желілері жұмысының, әсіресе шағын қалалардағы шағын қазандықтарда температуралық кестені сақтау бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
«Әлеуметтік нысандар – ауруханаларға, мектептерге және балабақшаларға ерекше көңіл бөлу керек. Оқу орындарында сабақтың болмайтыны туралы хабар халыққа барлық қолжетімді тәсілдермен уақытылы жеткізілуі тиіс», — деді Бақытжан Сағынтаев.
Премьер-Министр қоғамдық көлік нақты кесте бойынша жұмыс істеуі керектігін атап өтті. Барлық әкімдіктер өз қызметкерлерінің кезекшілік кестесін әзірлеуі тиіс. 112 бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызмет желісі артқан жүктемені ескере отырып, үздіксіз жұмыс істеуі керек.
Ішкі істер министрлігіне автожолдарда ықпалды бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Қажет болған жағдайда көліктің барлық түрлерінің елді мекендерден шығуын шектеу бойынша уақытылы шешім қабылдау және белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Әкімдіктермен бірге жүргізушілер мен жолаушыларға жылжымалы жылыну бекеттерін, оларға арнап ыстық тамақтануды ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ, апаттан құтқару бригадаларының кезекшілігін, жедел және медициналық қызметтерді сүйемелдеуді қамтамасыз ету керек.
«Осы ең суық кезең барлық қызметтер үшін айқын әрі тәртіпке сай өтуі тиіс. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, жеке компаниялардың басшыларына жеке айтарым, қызметкерлеріңізді жұмыс орындарында кешке дейін ұстамаңыздар. Мүмкіндігінше орталықтандырылған қызметкерлерді жеткізіп салуды ұйымдастырған жөн», — деп баса айтты Бақытжан Сағынтаев.
Аталған мәселелерді ерекше бақылауда ұстау Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге тапсырылды.