Фото ашық дереккөзден алынды
Салтын білмеген - сауапты түсінбейді
Халық мақалы.
Кейде, уақытым болғанда, әр елдің сайттарын асықпай қарап шығатын әдетім бар. Әсіресе, көрші Ресейдің порталдарын мүмкіндігінше оқып шығуға тырысамын. Олардың ішкі тұрмысына, экономикалық-әлеуметтік деңгейіне, сонымен қатар осы елдегі ұлттар мен ұлыстардың тіршілігі мен қазіргі күнгі жағдайына көңіл аударамын. Өстіп, бір күні қарап отырғанымда, Татарстанның «Ютуб татарочка» деген каналынан, бір топ татар қыздарының біздің қазақ жігіттеріне сәлем жолдап жатқандығын көрдім.
Мағынасы мынандай: "Сәлем қазақ жігіттері! Біздің тіліміз, дәстүріміз сіздермен өте ұқсас. Сеніміміз де - мұсылман діні. Елімізде татар жігіттері кемшін соғып жатыр. Сондықтан біздердің өздеріңізбен танысқыларымыз келеді. Біз өзге діндегі ұлттарға тұрмысқа шыққымыз келмейді. Реті келіп, мүмкіндік болса, сіздермен хат-хабар алысып тұрсақ дейміз" деген сөздерін естіп, қайран қалдым. Ойпырмай, мына татардың қыздары қандай керемет, - деп ойладым ішімнен. Көрдіңіз бе, татар елі қалың орыстың ортасында тұрса да, өздерінің дәстүрін және дінін қандай берік ұстайды. Содан кейін, артынан кезінде өзім куә болған бір оқиға есіме түсті. Әрине, бұл оқиғаға біраз жыл болды. Дегенмен айтуға ыңғайсыздау болса да, сіздермен бөлісейін дедім. Сонымен қатар қайсыбір ата-аналарға сабақ болсын деген ниетпен қолыма қалам алдым.
Есілде аудан әкімшілігінде жүргенімде, жұмыс барысымен аудан орталығынан көп алыс емес Дальний елді мекенінде болған едім. Біз ауылдық округтерге жиі шығып тұратынбыз. Әр ай сайын аудан құрамындағы бірнеше округте болып, сондағы атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап және кеңес беріп, сондай-ақ, осындағы қызметкерлермен іс барысын талқылап, шағын жиналыс өткізетін едік.
Сонымен, жоғарыда аты аталған елді мекеннің әкімімен жұмыс жайын әңгімелеп отырғанда, кабинетке екі әйел адам баса-көктеп кіргені. Біреуі – орта жастағы, екіншісі – жап-жас келіншек.
– Түстен кейін келсеңдерші, қазір міне ауданнан келген кісі бар, - деді округ әкімі тыржиып.
– Біз осы кісінің ауданнан келгенін сырттай естіп, келіп тұрмыз.
Мен, әкімге бұрылып, "тыңдайық", - дедім.
Сонымен, келген әйелдердің жағдайы былай көрінеді:
Бұл ағайындар осыдан біраз жылдар бұрын Моңғолиядан келген қандастарымыз екен. Осы ауылға екі жанұя ғана түсіпті. Жаңағы әйелдің қасындағы жас келіншек фермаға сауыншы болып орналасыпты. Сөйтіп, жұмыс істеп жүріп, осы сауын фермасының бақташысы орыс жігітіне тұрмысқа шығады. Қандай себеппен шыққанын кім білсін, дегенмен сол жігітпен отау құрған көрінеді. Енді қараңыз, жаңағы келіншек бала туған соң, бір-екі айдан кейін, сәби қол-аяғын жинаған соң, әкесі және оның ата-анасы орыс болғандықтан, ауданнан шіркеу қызметкерін шақырып, баланы орап алдына әкеліп, дұға жасатып, сәбидің кеудесіне крест қойып, шоқындырған көрінеді. Мұндайды күтпеген жанағы келіншек шошып кетіп, сәбиді ұстауға қорқып, ата-анасына қашып келген екен. Ана орыстар біраздан кейін келіншекті алып кетуге келсе, бұл жылап-еңіреп бармай қойған.
Шоқындырған сәбиді қолына ұстауға және емізуге дәті жетпей, күйеуінен ажыраспақ көрінеді. Жігіттің ата-анасы қайта-қайта келіп, мазасын алған соң, бізден мәселені бір жақты етіп беруге көмек сұрай келіпті. Екеуінде үйленді деген неке куәлігі де жоқ. Әйелдерден ежіктеп, барлығын сұрап алған соң, округ әкімі екеуміз әлгілерді ертіп, орыстардың үйіне келдік. Келсек, ата-анасы, өзі қарапайым ғана адамдар екен. Біз келген жайымызды аналарға түсіндіріп, келіншектің олармен енді бірге тұрғысы келмейтіндігін айттық. Сонымен қатар, бұлардың енді мазасын алмауын талап еттік. Аналар біразға дейін бұлталақтап көнбеді. Дегенмен оларға жөнімізді айтып, "егер келіншек тағы да бізге шағым түсіріп, алдымызға келетін болса, онда мұны әкімшілік тұрғысында шешеміз", - дедік. Ал олар "келіншекті енді мазалауды қайталамаймыз", - деп, келісімге келді. Баланы жігіттің шешесі бағатынын айтып, бізге уәде берді. Иә, кезінде солтүстікте жұмыс істеп жүргенімде осындай бір келеңсіз жағдай кездесіп еді.
Бұл оқиғаны айтып отырған себебім, қазіргі күнде де біздің қазақтың кейбір қыздары өзге діндегі ұлттың жігіттеріне тұрмысқа шығып жатқанын көріп жүрміз. Сол дұрыс па? Ертең олар да өкініп жүрмей ме? Мүмкін олар балаларын ондай жағдайға апармайтын шығар. Дегенмен, қыздарымызға айтарымыз, алдағы уақытта анау өзбек, тәжік, ұйғыр және әзірбайжанның қыз-келіншектері секілді өз тілдерің мен дәстүрлеріңді, сондай-ақ қасымыздағы көрші елдер сияқты өзіміздің қасиетті мұсылман дінімізді қадыр тұтып жүргендерің жақсы-ақ болар еді.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі