Қытайдың әр қаласынан жиналған жанкүйерлер Димаштың бүгінгі концертіне неон шамдарымен Димаштың есімі жазылған 6 метрлік баннер алып келді.
Өздерін «Димаштың қанаты» деп таныстырған жанкүйерлер тобының 50-ге тарта мүшесі Астанаға 25 маусым күні Бейжің қаласынан жиналып, «Эйр Астана» әуе компаниясының Бейжің-Астана бағытындағы авиарейсі арқылы жеткен. Топтың жетекшісінің айтуынша, топ мүшелерінің қолдауымен олар концертке құны 60 мың теңге тұратын Димаштың есімі жазылған 6 метрлік және кішкентай баннерлер жасатып алып келген. Бұдан сырт, Қытайлық жанкүйерлер атынан сауға ретінде қазақтың домбырасы бейнеленген кілтке таққыштар және арнайы жасалған «Бастау» шығармашылық кешінің төсбелгісін ала келген.
«Мен қытайдың Хунань провинциясы Чанша қаласынан келдім. Чанша Димаштың арманының басталған жері. Бүгін Димаштың туған жерінде болып, оның шығармашылық кешін көру мен үшін үлкен қуаныш», - деді топ жетекшісі Хан Юуанюуан.
Айта кетейік, «Бастау» концерті ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында 27 маусым күні елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Димаш Құдайберген концертке қатысатын әншілерді көпшілікке жариялаған болатын. Олар - Қытайдың белгілі әншісі Терри Лин, Евробайқау-2012 байқауының жеңімпазы Лорин (Швеция), Ұлыбритания әншісі Софи Элис Бекстор, Кристина Орбакайте (Ресей) және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Майра Мұхамедқызы.