28 там, 2019 сағат 17:17

Қытайлық қандасымыз 114 күн бойы тамақ ішпей 5 мың шақырым жаяу жүрді

Шынжаңның Тарбағатай аймағынан 5 мың шақырым шалғайда жатқан Шанхай қаласына жаяу аттанған қандасымыз Серік Зейнелұлы бүгін мәреге жетті. Ол осы аралықты тамақ ішпей, тек сумен ғана нәр алып жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

8 мамыр күні жолға шыққан Серік Зейнелұлы бұл алыс сапар барысын аузына бір түйір де нан салмай, тек су ішіп қана жүріп өтуді мақсат еткен. Айта кетерлігі, марафоншының тамақ ішпегенін дәлелдеу үшін бойына арнайы аппарат тағылып, камера орнатылған. Денсаулығын қадағалап отыру үшін інісі арнайы команда жасақтаған. 

Ол алғашқы 29 күнде 1019 километр жол басып, Әлемдік рекорд сертификат агенттігінің (World Record Certification Agency) «тамақ ішпей ең ұзақ жаяу жүрген спортшы» деген сертификатын еншіледі (Farthest distance walked while fasting). Мұнымен тоқтамаған Серік Зейнелұлы тамақ ішпестен тағы 4 мыңға жуық шақырымды артқа тастап, бүгін Шанхай қаласына ат басын тіреді.

3 айдан астам асқазанына дәм салмаған қандасымыз бүгіннен бастап тамақтануды бастайды деп отыр. Бұл туралы ол «Tiк-Tok» әлеуметтік желісінде тікелей эфирде мәлім етті.

«Мені қолдап қуаттаған барлықтарыңызға көп рахмет! Қазір менің денсаулығым ерекше жақсы. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» дейді. Мен аттанғаннан бері әлеуметтік желілерде қаншама ата-апаларымыз, тіпті кішкентай балалар тілеуімді тілеп, батасын беріп жатты.  Алғаш сапарға аттанарда жергілікті мемлекеттік органдарға жоспарымызды айттық. Алайда олар тамақ ішпей бұлай ұзақ жүру адам өміріне ерекше қауіпті екенін айтып, бізді қолдамаған еді. Әйтсе де, біз өз командамызды жасақтап, жолға аттанып кеттік. Басты мақсатым - адам баласының ерекше мүмкіндігін дәлелдеу, қатаң талап қойып, өзін жеңе білген адамның алмайтын биігі жоқ екенін бүкіл әлемге паш ету», - дейді спортшы. 

Серік Зейнелұлы 1- 980 жылғы Шыңжаңның Іле-Қазақ автономиялы облысының тумасы. Жас кезінде спортпен айналысқан. Қазір - жеке кәсіпкер.