Биыл Қытай Халық Республикасы қазақтың қойына көптеп тапсырыс берді. Алайда Қазақстан ондай тапсырысты әзірше орындай алмайды, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Негізі, бізге ауыл шаруашылығын, соның ішінде тамақ өнеркәсібін барынша дамытқан тиімді. Себебі Қазақстанда ауыл шаруашлығы жерлері 200 млн гектардан асады. Осы мүмкіндікті жан-жақты пайдалану қажет. Ауыл шаруашылығы тауарларына да жоғары сұраныс болады. Біз оны анық байқап отырмыз. Біз көрші Қытайға жиі барып тұрамыз. Мәселен, биыл олар қой еті бойынша бізге 160 мың тоннаға тапсырыс беріп отыр. Екіжақты келісімшарттарды қазір-ақ рәсімдеуге әзір. Өкінішке қарай, әзірше біз ондай тапсырысты орындай алмаймыз», - дейді «Атамекен» ҰКП басқарма басшысының орынбасары Нұржан Әлтаев.
Айта кетейік, бүгін Астанағы «Көрме» орталығында отандық тауар өндірушілерінің «Ұлы Дала елі» атты кезекті форумның отырысы басталды. Форум аясында отандық тауарлардың көрмесі ашылды. Оған 350 компания қатысып жатыр. Көрме аясында шетелдің ірі электронды сауда платформалары алғаш рет өз стендтерін ашты.